Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ КЕҢЕС ӘСКЕРІНІҢ АУҒАНСТАН  ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА – 35 ЖЫЛ.  ТАРИХТА ХХ ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ ҰЗАҚ ҚАНТӨГІСІ РЕТІНДЕ ЕНГЕН СОҒЫСТА ӨРІМДЕЙ ЖАС САРБАЗДАР ҰРЫС АЛАҢЫНА АТТАНЫП, ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫНДА АРПАЛЫСТЫ. ОҚУЫН ЕНДІ БІТІРГЕН ОН СЕГІЗ-ЖИЫРМА ЖАСТАҒЫ ЖІГІТТЕР ЗҰЛМАТ СОҒЫСТЫҢ ҚАЙНАҒАН ОРТАСЫНА ТАП БОЛДЫ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – АУҒАНСТАННЫҢ ОЙЛЫ-ҚЫРЛЫ ЖЕРЛЕРІНЕН ӨТКЕН САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ ЖӘНЕ АРДАГЕРІ БАУЫРЖАН ТҰРСЫНҰЛЫ РЫМЖАНОВ.

Рымжанов Бауыржан Тұрсынұлы 1966 жылы наурыз айының он бесінші жұлдызында Шет ауданы Кеншоқы совхозында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте сауатын ашты. Кейін 1982 жылы Шет ауданында № 174 кәсіптік ауыл шаруашылық техникалық училищесіне түсіп, толық үш жыл оқуын тәмамдаған. 1984 жылдың 7 қараша айында әскер қатарына шақырылып, Ауған соғысының бел ортасына тап болды. Сол бір сұрапыл жылдардың өзін: «Нағыз қайнаған шағына тап болдым»,- деп еске алады  ардагер. Таулы тасты, ойлы-қырлы, соқпақты жат жерде, құз жартаста нәр тартпай  жатқан кездері де болған. Ауғанстан жеріндегі сұм ажалмен алысып, жүректен өткізіп, көзбен көрген азамат 1986 жылы бірақ елге оралған. Туған жерге аяқ басқан бетте баласының аман-есен оралуын тілеп, жүректерін шүберекке түйіп, тағатсыз күтіп жүрген ата-анасымен жолығуға асыққан.

Бұл соғыс –  талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған жастың өмірін қыршынынан қиған, көзбен көргендерге өшпестей сызат түсірді. Бауыржан Тұрсынұлының өзі айтпақшы: «Ауғаннан ешкім сау қатпайды. Соғыстың аты – соғыс».  Тепсе темір үзетін жас жігіттердің денсаулығына әсер етпей қоймады.

-              Сонда қасымда жолдас жігіттер жарақаттанып келген. Белінен, жұлыннан екі ортасынан, омыртқадан осколок алып келгендер де бар. Әлі бар осколоктар, әлі алған жоқ. Мына дамыған техника да ала алмапты, - деп атап өтті жауынгер-интернационалист.

Бүгінде Бауыржан Тұрсынұлы асыл жар, ардақты әке, мейірімді ата. Ауған соғысының ардагері жастайынан ауылдың дана ақсақалдарынан бата алып, қазақ әдебиетімен сусындап өскендіктен мектеп табалдырығынан өлең шығарумен  әуестенеді.  Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жадына жақын ұстап, осы күнге дейін өмірлік мағынасы терең өлең жолдарын  жатқа айтып, тұмардай сақтауда. Ауылдың күнделікті күйбең тіршілігіне де ерте араласқандықтан жұмыстың ауырынан, жеңілінен қашпаған. Адал еңбекпен нанын тауып отырған қаламыздың сыйлы азаматтардың бірі.

 Ауған соғысының жауынгері және ардагері ретінде, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20, 25, 30 жыл мерекелік төсбелгілерімен ,«70 лет вооруженных сил СССР», «Воину-интернационалисту от благодарного Афганского народа» медальдерімен наградталған. Бірнеше құрмет және алғыс хаттардың иесі.

Шаһарда өтетін тағылымды іс-шараларға да белсене қатысып, жастармен жүздесіп те тұрады.

«Жылына жетіппіз отыз бестің. Бұл күнде жас емеспін, кәрі емеспін – атамын. Жолдарды бірақ мен тілемеймін кейінгі ұрпаққа – мен көрген. Тілеймін бақытты жолдар болсын деп, еліміз, жұртымыз тыныш аман болсын», -  деп Бауыржан Тұрсынұлы қан майданның қасіретін өз көзімен көрген куәгер ретінде жастарға өсиетін білдіре отырып, жарқын болашақты тілек етті.

Жауынгер-интернационалистер үшін он жылға жалғасқан соғыстың жарасы терең. Отыз бес жыл артқа шегініс жасап, басынан өткен қиын сәттерді еске алудың өзі ауыр. Олардың қанды шайқастағы өшпес ерлігі ешқашан ұмыт болмайтыны хақ. Есімдері ел есінде сақталатын болады.

   

  

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА