Қаламыздың жас дарын иелері «RoboLand 2024» IX халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің қалалық іріктеу кезеңіне қатысып, техника мен роботтың тілін қалай түсінетіндігін іс жүзінде көрсетті.
2 ақпан күні қалалық мәдениет үйінің қабырғасында «RoboLand 2024» IX халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің қалалық іріктеу кезеңі бастау алды. Қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен Жас техниктер станциясының ұйымдастыруымен өткізілген шарада ең алғаш болып Саран қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дәурен Бейсенұлы сөз алды. Оның айтуы бойынша, аталмыш жарыс жыл сайын өтіп, көптің назарына түсіп, балалардың қызығушылығын оятуда.
- Жылда әртүрлі деңгейде балалар неше түрлі өздерінің жұмыстарын көрсетіп жатыр. Бұл тек қана балалардың жетістігі ғана емес, сонымен қатар балаларды дайындап жүрген мұғалімдердің де жетістігі. Жыл бойы жиналған еңбектің нәтижесі осы бүгін сараланатын болады, - деп атап өтті өз сөзінде Дәурен Бейсенұлы.
Биыл қалалық іріктеу кезеңі екі күнге созылған. 2 ақпан күні негізгі алты санат: «Сызық бойынша жүру», «Басқарылатын роботтардың шағын футболы», «Шығармашылық санат», «Роботты жина», «Робогеометрия», «Робомаус» бойынша өткізілсе, 7 ақпан күні «Теңге алу», «Лабиринт», «Биатлон», «Кегельринг – квадро», «Сумо» сынды бес санат қосылды.
Ұйымдастырушылар балалардың қабілетін жетілдіруге мол мүмкіндік жасау үшін соңғы екі жыл ішінде жаңашылдық енгізіп келеді. Мәселен, былтыр «Робогеометрия» санаты кірсе, биыл күні кеше ғана өткен бес санат бойынша бірінші рет бақ сынасты. Бәрінен қуантатыны, қатысушылардың саны көбейіп, балалардың білім-ғылымға деген ынтасы ашылуда.
Осы жолы «RoboLand 2024» фестивалінің қалалық іріктеуіне білім ордаларынан, бөбекжай-балабақшаларынан жүзден астам қатысушы, елу бес команда жиналды.
- Яғни, қазірдің өзінде балалардың саны өскені өте керемет. Бүгінгі нәтижелер бойынша халықаралық жарыстарда Саран қаласы әлі де өзін көрсетеді деген зор үміт бар,- деді қалалық Жас техниктер станциясы директорының міндетін атқарушы Дарья Мациевская.
Жастайынан ғылым мен техникаға әуестене бастаған балалар әр санатқа, жүктелген тапсырмаға аса жауапкершілікпен қараған. Жарысқа мұқият дайындалып, өздерінің роботтарын арқалап келген.
Сондай білім алушылардың бірі №17 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Владислав Орлов. Он екі жастағы дарын иесі осыдан төрт ай бұрын робототехникаға қызыға бастаған. Биыл алғаш рет «Сызық бойынша жүру» санатына қатысып, өз бағын сынап көрген.
- Бәрі қызық, маған ұнап жатыр. Келесі жолы да қатысып көремін, - деп өз ойымен бөлісе кетті мектеп оқушысы.
Сондай-ақ, №1 мектеп-лицейінде 10-сынып оқып жүрген Данияр Байдаров арнайы жарысқа өзінің ойлап тапқан гидропоникасын алып келді. Ол даладағы қарға қарамастан, үй жағдайында қараша айында салат жапырақтарын өсіріп көрген. Өзінің жасаған арнайы технологиясымен салат жапырағынан бөлек, базилик, қызанақ, тәтті болгар бұрышын да отырғызып, бүгінде тұқымнан жап-жасыл өскін шығарып отыр.
- Менің мақсатым – мүлдем жерді қолданбау. Керамзит – бұл тастар. Негізгі қорек: су, күн, оттегі және фосфор, калий, натрий секілді тыңайтқыштардан алынады, - деді Данияр Байдаров
Балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығын ілгерілету, инновациялық қызметті танымал ету, білім беру робототехникасы саласында озық тәжірибемен алмасу мен мықты робототехникалық командаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған қалалық іріктеудің нәтижесі бойынша: «Басқарылатын роботтардың шағын футболы» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орынға, №6 жалпы білім беретін мектеп 2-орынға, Жас техниктер станциясы 3-орынға ие болды.
Ал «Сызық бойынша жүру» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орынға, Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп 2-орынға, №16 жалпы білім беретін мектеп 3-орынға жайғасты. «Роботты жинау level 1» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орынмен, №1 мектеп-лицейі 2-орынмен, Жас техниктер станциясы мен «Бахыт» кешенді мектеп-бөбекжайы 3-орынмен марапатталды. «Роботты жинау level 2» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орын, Жас техниктер станциясы 2-орын, №6 жалпы білім беретін мектеп 3-орын алды.
Сондай-ақ, «Шығармашылық санат» бойынша №17 мектеп-гимназиясы мен №7 мектеп-интернаты 1-орынды, Жас техниктер станциясы 2-орынды, №6 жалпы білім беретін мектеп пен №17 мектеп-гимназиясы 3-орынды иеленді. «Робогеометрия level 1» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орын мен 2-орынды, Жас техниктер станциясы да 2-орынды иеленді. №13 жалпы білім беретін мектебі болса 3-орынға ілікті. «Робогеометрия level 2» санатында №17 мектеп-гимназиясы 1-орынды ешкімге бермесе, №1 мектеп-лицейі 2-орынға жайғасты, ал 3-орынды №6 жалпы білім беретін мектеп алды. Ең кішкентай балалар қатысқан «Robotmouse» санатында «Малыш» бөбекжай-балабақшасы 1-орынды, «Бахыт» кешенді мектеп-бөбекжайы 2-орынды, №17 мектеп-гимназиясы 3-орынды иеленді.
«Сумо» санатында 1-орынды №16 жалпы білім беретін мектебі, 2-орынды №17 мектеп-гимназиясы және 3-орынды №1 мектеп-лицейі алды. «Кегельринг-квадро х2» санатында №16 жалпы білім беретін мектеп 1-орынмен, №17 мектеп-гимназиясы 2-орынмен, №1 мектеп-лицейі 3-орынмен марапатталды. «3Д прототиптеу» санатында №17 мектеп-гимназиясы мен №1 мектеп-лицейі 1-орынды бөлісті. «Лабиринт», «Биатлон» санаттарында көп жарыс түрлерінен оза шапқан №17 мектеп-гимназиясы 1-орынды иеленді.
Қалалық кезеңнен сүрінбей өткен балалар енді ақпан айында өтетін облыстық жарысқа, одан бағы жанғандар халықаралық деңгейде өнер көрсетпек. Талабы таудай, білімге, ғылымға құштар жас дарын иелеріне сәттілік тілейміз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА