«Секуляризм» сөзі «дін және мемлекет істерін бір-бірінен бөлек ұстау» деген мағына береді. Бұл сөз латын тіліндегі «заман» мағынасындағы «saeculum» сөзінен шыққан. Орта ғасырларда секулярлық ұғымы шіркеу қызметкерлерінің монастірлік өмірдегі қызметінен кетіп, зайырлы өмірдегі діни қызметті атқарумен байланыста қолданылды.
Секуляризм терминінің мағынасы реформациялық кезеңде өзгеріске ұшырады. Секуляризм – Батыс Еуропа мәдениетінде мемлекет пен христиан шіркеуі арасындағы күрестің нәтижесінде пайда болған және қазіргі таңда көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде орын алған құбылыс.
«Секуляризм» немесе зайырлылық діннің азаматтық істер мен мемлекеттен бөлінуі ретінде анықталады. Зайырлы мемлекеттерде адамдар діни сеніміне байланысты дискриминацияға ұшырамайды. Зайырлы мемлекет дінге және оның қызметіне араласпауы керек, ал заңдар мен саяси шешімдерде сенім рөл атқармауы тиіс. Егер ел шынайы діни бостандыққа ие болғысы келсе, зайырлы мемлекет құру өте маңызды.
Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Бүгінгі таңда халқымыздың зайырлы құндылықтарын нығайту мен мәдени-тарихи әрі рухани кодтарын жандандыруда, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі жасалуда. Олар:
- ұлттық және мәдени-тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, рухани, моральдық және этикалық құндылықтарға сүйенуі;
- ескірген догмаларды қайта қарау, оларды қазіргі заманға сай лайықтап бейімдеу;
- діни сенімді жеке ішкі дүние деп қабылдау;
- өзге діни көзқарастағыларға деген мейірімділік пен төзімділік, діни сеніміне қарамастан әр азамат мемлекеттің зайырлық құқықтарын қатаң ұстану және құрметтеуге негізделуі абзал.
Қоғамдық сананың жаңғыруы үшін азаматтардың заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық қоғамдардың алдында тұр. Барша қазақстандық жаңғыру идеясының маңызын терең түсіне білуі тиіс. Жаңа жағдайда жаңғыру дегеніміз Қазақстан дамуының ең басты қағидаты ‒ зайырлылық негізінде ғана жүзеге асатындығын ұмытпағанымыз жөн.
Г.Ханафина,
«Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ ақпараттық-түсіндіру жұмысының әдіскері, ақпараттық топтың мүшесі