Қазақстанда қоғамның экономикалық және әлеуметтік жаңғыртулардың аса маңызды көріністерінің бірі тіл саласындағы саясат болып табылады. Қазіргі көптілділік және мультимәдениет заманында тілдердің түйісуі, қоғамды жұмылдыру жөнінде тілдер саласында тиімді және өміршең бағдарламаларды іздеп табу аса маңызды да күрделі мәселе.
Осыған байланысты үш тұғырлы тіл саясатын іске асырылуының нәтижесі болып табылатын көптілділік білім берудің маңызы мен өзектілігі күмән келтірмейді. Көптілділік адамзаттың дамуының басты бағыты болғаны ертеден белгілі. Бүгінгі күні азаматтары тек бір тілді ғана білетін мемлекеттерді еске түсіру мүмкін емес. Және бір ғана ұлт өкілдері тұратын өркениетті мемлекет жоқ десек қателеспейміз.
Кез келген көпұлтты мемлекеттің қалыпты өмір сүруі үшін екі тілділік және көптілділікті қалыптастыру өте маңызды.
Қазақстандағы білім берудің аса маңызды стратегиялық міндеті - бір жағынан қазақстандық озық білім беру дәстүрлерін сақтау, екінші жағынан мектеп түлектерін халықаралық біліктілік сапасымен қамтамасыз ету, оларда лингвистикалық сананы дамыта отырып, мемлекеттік тілді, ана тілін және шетел тілін меңгерту болып табылады.
Елімізде үштілділік бойынша мақсатты тілдерге мына тілдер жатады:
- Қазақ тілі – мемлекеттік тіл;
- Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі;
- Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға сәтті интеграцияланудың тілі.
Мақсатты тілдерді таңдап алу үштұғырлылық идеясына негізделген, ол мынадай формуламен анықталады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін оқимыз.
Үштілділік білімнің міндеті мыналар:
- Үштілділік білім саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
- CEFR («Common European Framework of Reference: Learning, Teaching, Assessment» - «Шетел тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреті: зерделеу, оқыту, бағалау» түрі бойынша мақсаттық тілдерді оқытудың деңгейлік моделін енгізу;
- CLIL технологиясын (пәндік-тілдік кіріктіріп оқыту технологиясы) кең қолдану;
- Үштілділік білім жағдайында жұмыс істеу үшін педагогикалық кадрларды даярлау;
- Үштілділік білімді дамытуды институционалдық қолдау болып табылады.
Айта кетелік, үш тұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, “ақылды” экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білімге алып барар жол – ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Бүгінгі таңда Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағы.
Қазіргі кезде ұстаздар ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің мүмкіндіктерін жасауда. Шетел тілін оқытуда мектеп оқушыларына лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені – ауызша және жазбаша аударудағы білімін жетілдіру, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады.
Мектеп оқушыларына пәндерді үш тілде оқыту барысында ойлаудың жаңа деңгейі яғни кең арналы, кіріктірілген ойлау қалыптасады. Мұндай ойлауда бір пән арқылы ғана қалыптасатын ойлаудың тар шеңберінен тысқары шығатын, пәнаралық байланыс аясын кеңейтетін, оқу материалдарын қайталаудан сақтайтын деңгей пайда болады. Соның барысында оқушылардың информатика пәнінен ойлау әрекеті белсендіріліп, алатын ақпараттың аясы кеңи түседі, сөйтіп, оқушының оқып, білім алсам деген мотивациясы тереңдей түседі.
Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі. Еліміздің шет елдермен қарым-қатынасымыз күшейіп отырған қазіргі заманда оқушылардың шет тіліне қызығуын, білімге құштарлығын ояту, танымдық белсенділігін арттыру басты міндет. Демек, оқушыларымыздың ағылшын тілін білуі – уақыт талабы.
Қазақстан Республикасының мемлекетаралық тілі – ағылшын тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен-күнге өзекті болып келеді. Тілді ақпараттық-коммуникативтік технология арқылы оқыту – тіл үйренушінің өз бетімен тіл үйрену қабілеттерін жетілдіруіне игі ықпал ететін тиімді жүйе болып табылады.
Сонымен, үш тілде оқытуда ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол, жаңа технологияларды жетік меңгерген, жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті бола алатын тәжірибелі ұстаз қажет. Осындай педагогтердің білім беру нәтижесінде оның жұмыс барысына тәжірибелік мақсат қойылады, оған білім алушы жеке тұлғаның сөздік қорларын байыту, сауатты жазуға үйрету, сөйлесуге, көргендерін, естігендерін әңгімелеп беруге үйрету қажет. Қорыта айтқанда, жеке тұлғаға үш тілді меңгертуге, сондай-ақ білімін жетілдіру мен оқу сапасын арттыруға болады.
Қай халықтың, қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани әрі мәдени дамуына басты ықпал жасайтын тірегі де, түп қазығы да – ол білім ордасы. Ал, ол білім ордасының білім деңгейін көтеру және онда жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқу-тәрбие үрдісін тиісті деңгейге көтеру, педагогикалық ұжымның жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ғана жүзеге аспақ.
Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік. Және ұстаздар қауымы үш тілде еркін сөйлеуге, шет тілдерін еркін меңгеруге өз үлесімізді қосайық!
Е. Жетібаева,
Саран қаласының №6 ЖББМ қазақ тілі мұғалімі