12 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай №1 мектеп-лицейінде мектеп оқушылары Ауған соғысының жауынгері және ардагері Павел Юрьевич Земспен кездесті.
Отанға деген патриоттық сезімін арттыру және ардагерлерге деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында «Батыр арамызда өмір сүреді» атты ұйымдастырылған шарада он жылға созылған қиян-кескі соғыс жайлы мағлұмат берілді. Ауған соғысының ардагері Павел Юрьевич Земс оқушыларға өз өмірінде өткен сұрапыл соғыс жайлы айтып берді.
Кездесу ашық форматта өткендіктен әр қатысушы өз сауалын қоя алды. Онда жауынгер-интернационалист соғысқа 1987 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1989 жылдың ақпан аралығына дейін болғанын, әскерге шақырылғанда он сегізде болғанын, қатардағы қарулас достары жайлы, бүгінде Ауған ардагерлерімен байланыс үзілмегендігін, соғыста талай достарынан айырылып қалғанын айтты.
Білім алушыларға: «Сіздер соғысты көрмеңіздер. Достарды жоғалту жаман. Ең дұрысы - бейбітшілік пен келісімде болу», - деп атап өтті Ауған соғысының ардагері. «Үлкендерді көбірек тыңдаңыздар. Аздап ұстамды болыңыздар. Барлығына жан-жақты қараңыздар. Біздерді солай үйреткен», - деген өз өсиетін де айта кетті.
Кездесу барысында әскери хроникалық кадрлар көрсетіліп, патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ, Ауған соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
№1 мектеп-лицейінде тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасардың міндетін атқарушы Галина Кирилконың айтуынша, мектеп қабырғасында жыл сайын Ауған ардагерлерімен кездесулер дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА