Бүгін: 14.10.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қабырғасында ашылған «Сырласу» клубы өз ісін жандандыра түсті.

8 ақпан күні талай әдемі кештер, жарқын жүздесулер мен шырайлы дидарласуларды  ұйымдастырған «Сырласу» клубына Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің 2009 жылғы түлегі, «Нұрсана» балаларды дамыту орталығының негізін қалаушысы Назым Ерланқызы Аканова шақырылып, қадірменді қонағы болды.

«Сырласу» клубы – арқа-жарқа болатын, мейірім мен ауызбіршілік салтанат құратын орта.

-  Клубтың мақсаты – сырласатын, қажетті кеңестер алатын, пайдалы ақпараттармен бөлісетін орталықты құру. Қыздардың бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыру, жан-жақты болуға баулу. Білімнен бөлек, күнделікті өмірде қажетті дағдылармен қалыптастыруға жағдай жасау және жетістікке жеткен тұлғалармен кездесіп, олардың тәжірибесімен бөлісу, олардан шабыт алу, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің педагогика-психология пәндерінің оқытушысы, «Сырласу» клубының жетекшісі Перизат Кенжеғалиқызы.

Назым Ерланқызы –  Саран қаласының тумасы, Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алған. Кейін Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түскен. Жеке авторлық методикасын жасау арқылы бүгінде «Нұрсана» атты балаларды дамыту орталығын ашып, еселі еңбектің жемісін көруде. Қарағанды қаласында бір емес үш филиалы бар. Кездесуде бастан өткен оқиғаларын, үлкен ізденістің арқасында жеткен жетістіктері мен оған жасалған қадамдары жайлы сыр шертті. Одан бөлек, жерлесіміз студенттерге өзінің жүріп өткен жолымен,  ұстанатын өзіндік қағидаларымен бөлісті.

Жастарды жігерлендірген жүздесуде қыздар тарапынан да  қызығушылық байқалды. Назым Ерланқызына әдістемелік методиканың қыр-сырына, мамандықтарына байланысты сауалдарын қойып, белсенділіктерін көрсетіп отырды.

Әдемі әңгіме өрбіген шарадан кейін студенттер оқып жүрген мамандықтарынан қателеспегендіктеріне тағы бір мәрте көз жеткізіп, қолда бар мүмкіндікті  оңынан пайдалану керектігін түсінгендей.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА