Саран жастары «Маусымашар 2024» республикалық фестивалінде табысты өнер көрсетті.
Ел ордасы Астана қаласында 4-12 ақпан аралығында «Маусымашар 2024» республикалық фестивалі өтті. Жарысқа жан-жақтан командалар келіп, қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйіткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізуге тырысқан. Сақадай сай дайындалған топтардың қатарында Саран қаласының намысын қорғаған «Саран құрамасы» да болды. Әзілқойлар мен тапқырлардың басын қосқан республикалық фестивальде жерлестеріміздің жұлдызы оңынан туып, аймақтық лигаға жолдама ұтып алды.
- «Саран құрамасы» 12 маусымға қатысып келе жатқан команда, тек ойыншылар ауысып отырады, - деп атап өтті өз сөзінде «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім педагогі, топ жетекшісі Алданыш Мұсабеков.
Біз өз кезегінде өнерлі жастарды жеңісімен шын көңілден құттықтаймыз! Алдағы уақытта да тек биік белестерден көрініп, қала намысын қорғап, жоғары деңгейге жете берулеріңізге тілектеспіз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА