Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақ халқының ұлттық және рухани құдылықтар турасындағы танымы мен сенімі ерекше. Ұлттық құндылықтарды қадірлеп, қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсе, діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға үлгі-өнеге беретін, пейілге мейірім ұялататын рухани күш ретінде бағалаған.

Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқалар сияқты көрініс тапқан қандай да бір этностық қауымдастық өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы.

Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп.

Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым.

Қазақ халқы «бір Алладан басқа тәңір жоқ» екенін мойындап қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  үмметіне лайық кемел мұсылман болуға ұмтылды. Өйткені, қазақ даласы тек Ислам әлеміне ғана емес, тіпті орта ғасырлардағы бүкіл әлемге аты әйгілі мұсылман ғалымдарын шығарды. Ислам ортағасырларда қазақ даласында бұрын болған қалалар мен қорғандар, камалдар мен кенттердің іргетасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың ірге тебуіне ықпал етті. Исламды уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтерді. Отырардың шығысындағы Сайрам, Манкент, Тараз, Түймекент, Құлан, Меркі, Баласағұн, Шу қалалары ғана емес, Сыр бойындағы Сүткент, Яссы (Түркістан), Қарнақ, Сауран, Иқан, Қауған, Өзкент т.б. қалалардың жанданғандығын атап өтуге болады.

Тағы бір қаперде ұстанатын жайт – араб тілі бірнеше ғасыр бойы Орта Азияда ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби, Ысқақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білімін молайтып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырды

Х-ХІІ ғағасырларда тек араб тілі ғана емес, бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келе бастады. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи салған дәстүрді ХV-ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырды. Сөйтіп Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті. Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен аты шықса, енді бірі қасиетті Құран мен тәпсір, шариғат, мәзһабтар, фиқһқа арналған шығармаларымен ел құрметіне бөленген.

Халқымызда «Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен», «Иманды адам – арлы адам, Имансыз адам – сорлы адам», «Имандылық қастерлі қасиет», «Имандылық – ізгілік негізі» деген секілді тұрақты сөз тіркестері мен мәтел сөздер жетерлік.

Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға қайта оралу және оларды кеңінен насихаттау арқылы біз бүгін жалған, жат діни ағымдарға тосқауыл қоя аламыз.

Ислам дінінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан халық, ең ақыры өз діні мен дәстүріне күмәндана қарайтын кездерге де жетті.

Тарихымызға терең үңілсек, халқымыздың Ислам дінін, оның құндылықтары мен қағидаларын, дидактикасын берік ұстанғанына көз жеткіземіз. Дін мен имандылық қазақ халқының мызғымас біртұтастығының кепілі болды және алдағы уақытта мемлекетіміздің болашақ табысты дамуына үлес қосар тәрбие кілті ретінде маңызы зор.

Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы,

дінтанушы, ақпараттық

топтың мүшесі