Қалалық Аналар кеңесі мектеп педагогтері мен оқушыларымен кездесіп, мазмұнды шараның өтуіне атсалысты.
Саран қаласының Аналар кеңесі әрдайым жас буын өкілдеріне тәлім-тәрбиені, әдеп-ғұрып пен салт-дәстүрді насихаттап келеді. Жыл сайын шырайлы жүздесулер мен тағылымды кездесулерді өткізуді әдетке айналдырған.
Мәселен, таяу да ғана қалалық ішкі саясат пен білім беру бөлімдерінің ұсынысымен Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте педагогтер мен жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Құндылықтар – тәрбие негізі» атты тақырыбында пікіралмасу ұйымдастырған.
Шарада Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова мен Монғолия мәдениетінің озат қызметкері Күмісжан Қыдырал ең алдымен мектеп педагогтерімен кездесті.
Онда Гүлжан Жүсіпбекқызы үш құндылық бағытына жіті назар аударған. Ел тәуелсіздігін айқындайтын нышандар жайлы, тіл мен мәдениетке, әдеп-ғұрыпқа аса көңіл бөлді. Мектепте жүргізілетін тәрбие жұмыстары да назардан тыс қалмады. Себебі, бала мектеп қабырғасына аяқ басқан сәттен бастап әлеммен, қоршаған ортамен таныс болып, зейіні ашылады. Осы тұста ұстаздарға сапалы білім берудің маңыздылығына, көздің қарашығындай атадан балаға мұра болып қалған құндылықтардың сақталуына аса мән берілді.
-Құндылықтардың ең маңыздысы мейірімділік пен адалдық, адамгершілік – осы қасиеттер баланың жүрегіне сіңсе, ол бала жаман болмайды, - деп атап өтті өз сөзінде Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы.
Сондай-ақ, ұстаздар қауымымен бірге болған Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлден Серикова кездесуден жақсы әсер алғанын айта кетті.
Ашық форматта пікіралмасу түрінде өткен кездесудің екінші бөлігінде қыз баланың тәрбиесі кең талқыға салынды. Оған тек жоғары сыныпта оқып жүрген қыз балалар ғана қатысқан.
Оның мақсаты - қыздар қауымымен сырласа отырып, жан дүниесіндегі қызға тән көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу мен отансүйгіштік сезімдерге баулу, олармен пікірлесе отырып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауап табу. Сондай-ақ, мектепте өздерін қалай ұстау керектігі айтылып, киім киістері мен ерте бояну сынды тақырыптар да қозғалды. Осы тұста Монғолия мәдениетінің озат қызметкері Күмісжан Қыдырал қыз балаларға арнап кеңестерін айтып, оқушы мектепте жинақы жүру керектігін тілге тиек етті.
Кездесуде балалар тарапынан да қызығушылық байқалып тұрды. Зор ықыласпен тыңдап, белсенділіктерін көрсетіп отырды.
Аналар кеңесі жыл басталғалы түрлі іс-шараларға мұрындық болуда. Таяуда ғана №2 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен кездессе, алдағы уақытта Саран қаласының орталық мешітіне бару және ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында ақ жаулықты нәзік жандылармен жүздесуді жоспарлауда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА