27 ақпан күні Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің базасында білім ұйымдарының кәсіподақ мүшелері арасында XII қалалық спартакиада өтті. Дәстүрлі спорттық шара көптің көңілінен шықты. Ойын барысында сақадай сай дайындалған қатысушылардың жеңіске деген ерік-жігері айқын байқалды.
Тартысқа толы спорттық доданың ашылу салтанатында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының төрағасы Алмагүл Ракишова мен Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев бақтарын сынап келген қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, оларға сәттілік тіледі.
- Сіздерге осы спартакиадаға қатысқандарыңыз үшін және кәсіподақ жұмысына үлес қосқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаттық, құт-береке тілеймін. Білім саласында қосқан үлестеріңіз арта берсін. Барлық бастамаларыңызға тек қана сәттілік болсын, - деп өзінің құттықтау сөзінде атап өтті Алмагүл Ракишова.
Биыл қалалық спартакиадаға жеті команда волейбол, шахмат, үстел теннисі мен тоғызқұмалақ спорт түрлерінен бақ сынаған. Олардың қатарында бірнеше жыл бойы қатысып, жүлделі орындардан көрінген ұлағатты ұстаздар да болды.
- Мұндай жарыс бізде жиі болып тұрады. Өткен жолы біз тоғызқұмалақтан қатыстық. «Өте жақсы ойыншы» деген жүлдесін иелендік. Енді бүгін де тоғызқұмалақ пен шахматқа қатысуға келіп тұрмын. Егер мүмкін болса волейболды да ойнауға дайынмын. Әрқашан спортты қолдаймыз, осындай жарыстар жиі бола берсін,- деп ойымен бөлісе кетті №7 мектеп-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Байкөжекова.
Спорттық додалар мен қалалық шараларға белсене қатысып, игі бастамаларды қолдап жүретін балабақша ұжымдары да мұғалімдерден қалыспады. Жеңіске деген ұмтылыстары жоғары болды.
- Спорт – денсаулыққа пайдалы. Қан айналымы жүреді, өзіміз үшін де, сол себепті бүкіл жаққа қатысамыз деп шештік. Тенниске қатысайын деп тұрмын. Мектеп кезінде ойнағанмын. Енді осы жолы бағымды сынап көрмекшімін, - деп «Сәуле» балабақшасының тәрбиешісі Халима Нұрмұратова пікірін білдірді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Саран қалалық филиалының төрағасы Әйгерім Акпарованың айтуынша, мұндай іс-шаралар салауатты өмір салтын сақтай отырып, ұжымдарды ұйымшылдыққа баулиды. Сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дәурен Бейсенұлы спорттық жарыстарда командалық рух қалыптасатынын жеткізді.
Кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен қалалық спартакиаданың нәтижесі бойынша № 7 мектеп-интернатының ұжымы бәрінен оза шауып, 1-орынды еншіледі. Ал №13 жалпы білім беретін мектептің тобы 2-орынды иеленсе, №6 жалпы білім беретін мектеп 3-орынға жайғасты.
Жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, медальдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА