Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында көптің ыстық ықыласына бөленіп жүрген пошташы күннің ыстығы мен үскірік аязына қарамастан хат-хабарларды, газет-журналдарды, жедел хаттарды иелеріне табыстап, бір күнде ең аз дегенде 30 шақырым жолды жаяу жүріп өтеді.

«Пошта» деген сөзді естіген адам баласы ең алдымен газет-журналға лық толы көк сөмкесін арқалап алған пошташыны көз алдына елестетеді. Сырт көзге жеңіл болып көрінетін мамандықтың сіз бен біз біле бермейтін қызығы мен шыжығы мол. Себебі пошташы өз учаскесінің көзі, құлағы һәм хабаршысы. Таңның атысынан бастап  әр үйдің ауласын көріп, есен-саулығын білетін де осы жандар.

Маңдай термен келетін еңбектің жемісін тұрғындар ерекше бағалайды. Сондықтанда халықпен тығыз жұмыс істейтін Саран қаласындағы «Қазпошта» пошта бөлімінде  қызмет істеп жүрген әр жанның алар орны айрықша.

Олардың қатарында өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор жандар өте көп. Сондай нәзік жандылардың бірі – Аманкүл Толеубек тегі Тілеубайқызы.

Аманкүл Тілеубайқызы 1976 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Туған жерінде М. Горький атындағы білім ордасын бітірген. 1998 жылы Саран техникалық техникумын аяқтаған. Кейін Қарағанды қаржы институтын тәмамдап, бухгалтер мамандығын оқып шыққан. Алайда Аманкүл Тілеубайқызының өзі айтпақшы, мамандығы бойынша қызмет істеп көрмеген. Әу баста шетел тіліне деген қызығушылығы басым болса да, анасының қалауымен есеп-қисапқа бет бұрған. Бірак та, бұл салаға деген ынтасы ашылмағандықтан, өзін басқа мамандықтардан іздеген. Ақтастағы автопаркте бес жыл, «Таир» сауда орталығында да жұмыс істеп көрген. 2015 жылы Саран қаласының «Қазпошта» пошта бөліміне пошташы болып жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бері көзді ашып-жұмғанша тоғыз жыл өте шықты.

- Өзіме жұмысым қатты ұнайды, таза ауада жүресін. Денсаулыққа да пайдалы. Анам айтатын: «Жұмысың ұнаған кезде, жұмысың жеңілденеді. Ұнамаса істемей-ақ қой, қиналып кетесің»,- деп.  Адам баласы жұмысын сүйіп істесе – оған бәрі оңай болып көрінеді. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші солай істей берсе бәрі де жақсы болады,- деп атап өтті  Аманкүл Тілеубайқызы.

Тәжірибелі пошташының жұмыс уақыты таңғы тоғыздан басталады. Ең алдымен жұмыс орнына барып, жан-жақтан келген газет-журналдарды, хат-хабарларды, жедел хаттарды мекенжайлары бойынша реттеп алып, жиырма келіден аса тартатын көк сөмкесін иығына арқалап алып жолға шығады. Бірінші болып жер үйлерден бастап, әріқарай өз учаскесі бойынша кезекпен-кезек аралайды. Әр сенбі сайын Угольный кентіне барады. Финский кентін толық қамтып, 1 А шағын ауданындағы 10 бес қабатты үйлерді аралап шығады.  Шамамен күніне 30 шақырымнан аса жолды жаяу жүріп тастайтын көрінеді. Бала кезінде велосипедтен құлап, қатты жарақаттанғаннан кейін, сол күйлі екі дөңгелекті арбаға мінбей кеткен. Жетпіс жылдық тарихы бар Саран қаласының бүкіл жерін, ойлы-қырлы тасына дейін өзінің бес саусағындай жатқа біледі десек те қателеспейміз. 

- Саран қаласының барлық жері ұнайды. Жаз мезгілінде жер үйлері ерекше көз тартарлық. Өзімнің ауылыма кіргендей боламын. Таңертеңгілікте болатын жұпар иіс, таза ауа, ауылымды есіме салады. Ағаштардың бүршік атқандары, дем беріп, күш-қуат беретін секілді боп тұрады маған,  - деп естелігімен бөлісе кетті нәзік жан.

Ел алғысына бөленіп, талай тұрғынға бақыт хаты мен қуанышты хабардың жаршысы болып жүрген Аманкүл Тілеубайқызы үшін әрдайым адал жолмен, маңдай термен тапқан еңбек қымбат. Осы күнге дейін тәуба етіп, әр атқан таңға ризашылығын білдіріп келеді.

- Мен әрбір адамға бірінші байлық – денсаулық тілеймін. Денсаулықтары мықты болсын, балаларының қызықтарын көп көрсін. Жамандықтарын ешқашан көрмесін. Әрбір адамның жұптары жазылмасын, - деп алдағы келе жатқан мерекеге орай ақжарма тілегін білдірген болатын.

Қарапайымдылығымен, шынайылығымен, адамгершілігімен тұрғындарды баурап, үлкендердің ақ батасына кенеліп жүрген Аманкүл Тілеубайқызы бірнеше алғыс хаттар мен марапаттардың иесі. Бүгінде отбасының ұйытқысы, көпшіліктің аяулы пошташысына айналып отыр.

Тұрғындардың ыстық ықыланасына бөленіп жүрген, еңбегімен елге сыйлы нәзік жанды біз де алдағы келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен шын көңілден құттықтаймыз! Көңіліңіз көктем гүліндей кіршіксіз, өміріңіз өлең жолдарындай мінсіз болсын.

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА