Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұрпақ тәрбиесі – болашақ кепілі. Мағжан Жұмабаев айтқандай:  «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер».  Қаламызда осы өнерді бар жан-тәнімен үйренген, өз жұмысын сүйіп істейтін мамандар көп. Сондай ардақты жандардың бірі – Зияда Мунирқызы.

Өмірдің жаңа белестерін ашып, танып-білуге құлшынысы асып-тасып тұратын, тынымсыз қимылда жүретін балаларға ие болу әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Әрбір үйдің еркесі мен төресінің тілін таба білу де үлкен өнер. Себебі отбасындағы ата-ананың ықыласы мен мейірімділігінен нәр алған бала балабақшаға келгенде тәрбиешінің шұғылалы шуағына бөленіп, білімге жол ашады. Міне, осындай іргелі қарашаңырақта –  Саран қаласының білім бөліміне қарасты «Балғын» бөбекжайында талай бөбектің өсіп жетілуіне, алға қадам басуына өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі - Шабарова Зияда Мунирқызы.

Білікті тәрбиеші Өзбекстан Республикасы, Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын, Қазақстан Ресей Университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын оқыған. 2001 жылы 70 жылдық тарихы бар Саран қаласына көшіп келді. «Балғын» бөбекжайында алғаш ашылған күнінен бастап 2008 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында ата-аналардың алғысына бөленіп, көптің ақ тілегін алып, бөбектердің «сүйікті апайына» айналуға үлгерді. Халықаралық әйелдер күніне орай жүзінен мейірім төгілетін, тәжірибесі мол тәрбишімен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Зияда Мунирқызы, бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

 Бұл мамандыққа келуімнің себебі, бала кезімнен асқақ еткен тәрбиеші болу арманым. Сол арманға жетелеп, тәрбиеші деген мамандыққа мені қызықтыра білген бірегей тұлға – менің балабақшадағы тәрбиешім. Балабақшадағы өзімнің тәрбиешімді қатты жақсы көретінмін. Ол кісінің балаға деген сүйіспеншілігі, әр сабаққа деген жауапкершілігі, балаларды жаңа заттарға үйретудегі әдістері және ең бастысы топтағы барлық балаға деген мейірімділігі мен жұмысына деген беріктігі менің түсінігіме «тәрбиеші» мамандығының мінсіз үлгілі бейнесін енгізген болатын. Әрине, осының бәрін бала түсінігіммен байқап үлгермедім, себебі бала кезімде бұл бейне тәрбиешіге деген сүйіспеншілікпен ұласып, маған үлкен арман сыйлаған еді. Атап өткен тәрбиешінің мінсіз үлгісін мен өсе келе сыйлық ретінде алған арманымды жүзеге асыру үшін педагогикалық училищеде тәрбиеші мамандығында оқып жүріп, сол жақсы көретін тәрбиешім әрі ұстазымның қол астында өткен тәжірибелік жұмысымнан байқап, егжей-тегжейлі білген болатынмын. Тіпті қазіргі кездегі жұмыс тәжірибемде де сол кісінің үйреткен әдіс-тәсілдерін қолданамын. Содан бері балаларға деген өз сүйіспеншілігім еселеп, оқу-біліммен біліктілігім артып, тәрбиеші деген жауапкершілігі мол мамандық иесі болып келгеніме 21 жыл өтті.  

Қандай керемет! Осы тұста жұмыс күніңіз қалай басталатынын айтып берсеңіз.

Тәрбиешінің жұмыс күні таңғы 07:30 - да басталады, 07;00 – де жұмыс орнымда боламын. Сырт көзге көрінбейтін жұмыстардың ішінде 1-1.5 айға созылатын жыл бойы болатын мерекелерге арналған ертеңгіліктерге дайындық, сценарийлерді орыс тілінен қазақ тіліне аудару, ашық сабақтарға дайындық, шығармашылық ізденістер, көрнекіліктерді дайындау, құжаттармен жұмыс, айлық және жылдық есеп беру жұмыстары, күнделікті таңертеңгі сабақтардың материалдарын дайындау, әріптестермен ашық сабақтарда тәжірибе алмасу, апталық жиналыстар және тағы басқалары. Осы жұмыстармен қоса ең бастысы - тәрбиешінің сырт көзге көрінетін жұмысы да бар. Өзіңіз білетіндей – балалармен тіл табысу, оларға дайындалған материалдарды үйрету және күнделікті күн тәртібін сақтау (мысалы: таңертең қабылдап алу, таңғы ас беру, сабақ өту, ойын-сауықтыру жаттығулары, түскі ас, далаға серуендеу, түскі ұйқыға үзіліс, кешкі ас және т.б.) болып табылады.

Балалардың тілін табу қиын емес пе?

«Бала тілі бал» - демекші, әр бала әртүрлі. Әрбірінің орны ерекше, оларды түсіну үшін өздерінің тілінде сөйлесу керек. Яғни баламен бала болып, дауыс тембірін өзгертіп, балаға жағымды қарым-қатынас орнату арқылы топтағы әрбір баланың тілін табуға тырысамын.

Жұмыс барысында болған қызықты бір оқиғамен бөлісе кетсеңіз

Жұмыста қызық жағдайлар орын алып тұратыны сөзсіз. Балалардың екі шұлықты бір аяғына киіп алатын, үстел үстіндегі құжаттарды шимайлап, жыртып тастайтын кездері, жаңа сабақ барысында  өткен сабақтағы өткен заттарды есіне алып, жаңа тақырыппен байланыстыруы тәрізді жағдайлар болып тұрады.

Сіздің ойыңызша, тәрбиеші қандай болуы керек?

Тәрбиеші мейірімді, сыпайы, кез-келген ата-анамен де, баламен де тіл табыса алатын, заманауи көзқарастағы, адамгершілігі мен жауапкершілігі мол және кез-келген жағдайдан шыға алатын жан-жақты болуға тиісті.

Алда келе жатқан мерекелерге орай нәзік жандыларға не тілер едіңіз?

Құрметті аналар, арулар! Күн санап жақындап келе жатқан шуақты да жарқын 8 наурыз мерекесі құтты болсын! Көктемгі мереке барлық ауыртпашылықтарды артта қалдырып, керемет көңіл-күй сыйласын. Сіздерге шексіз сәттілік, мөлдір махаббат, зор денсаулық және бақыт тілеймін!

Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймыз! Ортаңызда сыйлы болып, абырой-беделіңіз арта берсін.

 

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА