Саран қаласының жас футболшылары халықаралық турнирлерде озық ойын көрсетіп, жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүр.
Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде футбол бөлімінің аға жаттықтырушысы Елжас Айдарбековтің қаламыздың жасөспірімдерін футболдан жаттықтырып жүргеніне 9 жыл боп қалды.
Осы уақыт аралығында балалардың қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Саран қаласының намысын қорғап Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткізілген турнирлерге қатысқан. Әр сапардан бос қайтпай, жүлделі орындарды еншілеген.
Мәселен, 2023 жылы Тәжікстанның Худжанд қаласында өткен халықаралық турнирде 2013-2014 жылы туған балалар жеңіс тұғырынан көрінсе, 2012-2013 жылғы жасөспірімдер 3-орынды иеленді. Ташкент қаласында да бірнеше мәрте жүлделі орындармен марапатталған. Былтыр Стамбулда ұйымдастырылған дүбірді додада 2-орынды қанжығасына байлады. Биыл да жерлестеріміз жақсы жетістіктерімен қуантуда. Ресейдің «Спартак» аренасында болған турнирде, жан-жақтан жиналған 20 команда ішінен топ бестікке кіріп, 4-орынды иеленді.
Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде футбол бөлімінің аға жаттықтырушысы Елжас Қайратұлы – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Саран қаласына 2000 жылдары көшіп келген. Ала доп додасына деген қызығушылығы жастайынан бар. Әрдайым спортқа жақын жүруге еті әбден үйреніп кеткен. Бүгінде де бала арманынан айнымай, шәкірттерін футболдың қыр-сырымен үйретіп келеді.
- Болашақта өзіміздің жасөспірімдеріміз футболдан Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаса екен деген ниет бар. Сондықтан да осындай үлкен-үлкен турнирлерге қатыстырып, тәжірибе жинап жатырмыз. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген оймен, - деді Елжас Қайратұлы.
Аға жаттықтырушы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде жас футболшылармен аптасына үш рет кездесіп, жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Бірінші күні тек қана доппен жұмыс жасалса, қалған күндері физикалық және тактикалық дайындыққа айрықша көңіл бөледі. Ал демалыс күндері болса, жарыс пен турнирлерге арналған. Футболға алты жастан бастап, он сегіз жасқа дейін балалар қабылданады.
Жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жерлестерімізге алда болатын ойындарға сәттілік пен жоғары нәтижелерді тілейміз. Алар асуларыңыз, шығар шыңдарыңыз таусылмасын.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА