Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтаста Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» атты мерекелік концерт әйелдердің қоғамдағы айрықша орнын, отбасындағы маңызын және барлық салалардағы белсенді қызметін жан-жақты айғақтайтын тақырыптарды арқау еткен мағыналы мәнімен ерекшеленді.

Мерекелік шараға Ақтас кенті әкімінің міндетін атқарушы Марғұлан Анаев қатысып, ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың тек отбасының ұйытқысы ғана емес, бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын қуатты қозғаушы күш екенін жеткізіп, ізгі лебізін білдірді.

Нәзік аруларға арналған концертке Ақтас кентінің бірлестіктері мен әншілері, өнерді сүйетін ұжымдары әсем әндерін, музыкалық нөмірлерін дайындаған. «Ириски» би ұжымының кішкентай қатысушылары «Барбарики» биімен көпті тәнті етсе, «Үкілі домбыра» ұжымы Әбдімомын Желдібаевтің  «Ерке сылқым» күйімен жігерлендіре түсті. «Қарлығаш» әуесқой тобы мен «Жұлдыз» вокал ұжымы болса, музыкалық құттықтауын арнады.

Сахнаның ортасында ілініп тұрған экранда кент тұрғындарынан келіп түскен бейне құттықтау көрсетіліп, көрермендердің көңіліне қуаныш, жүректеріне жылулық ұялатты. Арнайы осы мерекеге Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблі келіп, әйелді ана ретінде асқақтатқан әсерлі әсем әндерін орындап берді. Мың бұрала би билеген бишілер сахнаның көркін ашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. 44803 әскери бөлімі де қалыс қалмай, ару да нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА