Жаңартып сана, салтымды,
Қуантқан барша халқымды.
Наурыз тойы – ел тойы,
Ғасырдан асыр даңқыңды
Халқымыз үшін Наурыз – Ұлыс күні, жыл басы саналады. Бұл күннің басқа күндерден ерекшелігі – адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, араздасқан ағайынды, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм татырып, табыстырады. Қалай десек те, Наурыз тойы қазақ даласында елеусіз қалған емес. Қайта қазақ ұлтының ең ұлы мерекесінің бірі болып тойланып келді.
Наурызды мерекелеу жастардың көшпелі өркениет туралы, көшпелі өркениеттің әлемдік тарихтағы орны туралы білімдерін қалыптастыруға, көшпенділер мәдениеті мен қазақ халқының тарихына деген құрмет пен сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді. Наурыз мерекесі аясында «Жас Отау» ЭМБ –де орталық қалалық кітапхана «Саран қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ-мен бірлесіп, Абай атындағы ЖБМ оқушыларына арналған «Ұлттық мереке-ұрпаққа өнеге» дәстүрлер сағатын өткізді. Іс-шара барысында кітапханашылар мерекенің тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әңгімеледі. «Жас Отау» ЭМБ басшысы Н.А. Кернебаева «Бесікке салу» салтының рәсімін көрсетті. Іс-шара соңында «Саран қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ мамандары қазақ халқының ұлттық костюмінің сұлулығын көрсете отырып, ұлттық киіммен «Ақ көгершін» әнін орындады.
Наурыз мейрамы өзінің ұлылығы мен қоғамдық маңызын жоғалтқан жоқ және бірліктің, қуаныштың, бақыттың, бейбітшіліктің, мейірімділіктің, кешірімділіктің, қайырымдылықтың, арман мен жақсылыққа деген үміттің ең танымал және жалпыхалықтық мерекелерінің бірі болып қала береді. Ұлты мен дініне қарамастан, көпұлтты Қазақстанда тұратын Қазақстанның барлық халқы Наурыз мейрамын құштарлықпен және қуанышпен атап өтуде.
Курманалина Ж., Мусина А.
ОҚК кітапханашылар