Саран қаласында әртүрлі ұлт өкілі бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде. Көпке өнегесімен үлгі берекелі көпұлтты отбасылар да аз емес. Сондай ынтымағы жарасқан, айрандай ұйып отырған шаңырақтардың бірі – Хайруллиндер жанұясы.
Үйдің отағасы Иран Хайруллин Мейірбекұлы 1983 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Ақтерек ауылында дүние келген. Жастайынан қазақ халқының салт-дәстүрімен таныс, етене араласып өскен десек те қателеспейміз. Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің түлегі. 2002 жылы колледжді қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін осы қара шаңыраққа айналған білім ордасында ұстаздық жолын бастап кеткен.
Өзі айтпақшы: «Құжатта – қазақ деп жазылғанымен, ұлтым-түрік». Иран Мейірбекұлын өзге ұлт өкілі демесек, жаны да тілі де таза қазақ тілінде сөйлеп тұр. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын дәріптеп, әрдайым ардақ тұтып жүретін абзал азаматтардың бірі.
Үйдің түтінін түтетіп, берекесін келтіріп жүрген отанасы, асыл жары Альсина Хайруллинамен де осы Саран қаласында танысқан. Биыл шаңырақ көтергендеріне – 16 жыл.
- Алланың қалауымен берген үш қызым бар. Тұңғышым Ильгиза – он екіде, ортаншысы Ясмин – тоғызда, кенжем Асима – төртте, - дейді үйдің отағасы.
Альсина Хайруллина – ақ халатты абзал жан. Ұлты – татар. Көпұлтты отбасында қазақтың әр салты жіті сақталады. Жаңару мен жаңғырудың бастауы болып келетін әз-Наурыз мерекесі де бар сән-салтанатымен атап өтіледі. Халықпен бірге құшағын кең жайып, қарсы алуды әдемі дәстүрге айналдырған. Ұлыстың ұлы күні жеті тағамнан әзірленетін Наурыз көжесіз атап өтілмейді.
- Наурыз айы басталғаннан бері Көрісу күнінен бастап Наурыз біткенше қазақтың әрбір күні бір мерекеге арналған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Әріқарай да дами берсе, одан да жақсы болар еді. Жылда осы Наурыз мерекесінде аман-есен кездесе берейік. Отбасымыз аман болсын. Отанымыз тыныш болсын. Тек қана жақсылық болсын,- деп атап өтті өз сөзінде Иран Мейірбекұлы.
Информатика пәнінің оқытушысы әрі кәсіподақ ұйымының төрағасының Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде қызмет етіп жүргеніне 22 жыл боп қалды. Әріптестері тәжірибелі оқытушыны «өте қатал мұғалім» дейді. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген сөзі бар. Иран Хайруллин де ең бірінші тәлім-тәрбиеге аса мән береді. Тек жұмыста ғана емес, үйінде де балалардың бойына тек ең асыл, ең ізгі қасиеттерді дарытқысы келеді.
- Отбасында ең негізгі – тәртіп. Шамамыз келгенше үш қызымызға дұрыс тәрбие беруге тырысамыз. Үлкендерді сыйлауға, кішілерге көмек көрсетуді ұмытпауға, адамгершілікті сақтауға тәрбиелейміз, - деп айта кетті үйдің отағасы.
Көпұлтты отбасы өзінің бос уақытын барынша тиімді етіп өткізгенді ұнатады. Жанұясын жылулыққа толтырып, демалыс күндерін қыздарына арнайды.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ұжымы спортқа жақын жүреді. Иран Хайруллин де әріптестерімен бірге салауатты өмір салтын насихаттап, футбол, волейболдан жарыстарға шығып тұрады. «Волейбол» спорт түрінен республикалық, облыстық жарыстарға барып жүлделі орындарға да ие болған. Арасында бильярд ойнағанды ермек етеді. Сондай-ақ, студенттерге информатика пәнінен сабақ бергендіктен педагог үшін әрдайым өз білімін шыңдау өте маңызды. Сондықтан заманмен қарыштап дамып жатқан техникаларды дер уақытында меңгеріп, әрдайым өзін шыңдап, ізденіс үстінде жүреді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА