Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Бірыңғай тәрбие бағдарламасын» іске асыру аясында 14-15 наурыз күндері аралығында Саран қаласында білім беру саласындағы әлеуметтік-педагогикалық инновациялардың IIІ Халықаралық жәрмеңкесі өтті.

Биыл Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі бірлесе ұйымдастырған жәрмеңкеге 270-ке жуық қатысушы бақтарын сынап көрген. Оған білім беру ұйымдарының, әлеуметтік сала, мәдениет, дене шынықтыру және спорт ұйымдарының, жастар саясатының, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардың авторлары мен авторлық ұжымдары қатысқан.

Жәрмеңкенің өзі бас-аяғы 2 кезең бойынша өткізілген. Ең алдымен 1-кезеңде аудандық, қалалық білім бөлімдері, арнайы білім беру ұйымдары мен колледждер арасында іріктеу жүргізіліп, үздіктер анықталған. Онда жұмыстың өзектілігіне, жаңашылдығы мен білім берудегі маңыздылығына айрықша көңіл бөлінді. Ең мықтылары ғана келесі кезеңге жолдама ала алған. 2-кезеңде жәрмеңкенің қатысушылары презентациялық алаңдарда өз жұмыстарын көрсетіп, арнайы дайындалған дәрісханаларда педагогикалық іс-тәжірибелерімен, шеберлік сабақтарымен бөліскен.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі осымен үшінші мәрте халықаралық дәрежеде жәрмеңкені өткізіп келеді. Еске сала кетсек, оған дейін үш рет облыс көлемінде ұйымдастырған. Осы жолы дәстүрге айналған ауқымды шараға Польша, Түркия, Оңтүстік Корея, Грекия, Ресей елдерінен қатысуға ниет білдірушілер де болды. Олар өз еңбегін Padlet виртуалды тақтасы арқылы көптің назарына ұсынған.

Төрелік еткен әділ-қазы алқасының айтуынша, биыл қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары.  Жәрмеңке аясында жобаларын сәтті қорғап шығып, бір-бірімен тәжірибе де алмасқан.

Мәселен, Бұхар жырау ауданы білім бөлімінің «Айналайын» бөбекжайының әдіскері Рымкул Жалелова халықаралық жәрмеңкеге әріптесімен бірлесе қимыл-қозғалысты дамытатын ойынды ойлап тапқан. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды баланың бойына сіңіретін мобильді ойындармен таныстыра кетті.

- Біз бұл жерге «Ұлттық құндылықтар керуені» атты жұмыспен келдік. Себебі ұлттық құндылықтарды дәріптеу балабақшадан басталады. Біздің балабақшадағы кішкентай балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру ойын-іс әрекеті негізінде іске асады,- деп атап өтті  Бұхар жырау ауданы білім бөлімінің «Айналайын» бөбекжайының әдіскері Рымкул Жалелова.

Қарағанды қаласынан келген Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Жанар Тойбекова болса жәрмеңкеден алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша: «Халықаралық жәрмеңкеге біз негізі бірінші рет қатысып отырмыз. Өзіміздің математика және жаратылыстану пәндерінің интеграциясын ЗД модельде көрсету арқылы, анимациялық мультфильмдерді математиканың 4-сынып оқулықтарының есептерін мультфильмге енгізіп алып келіп отырмыз. Жәрмеңке өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қаншама қатысушылар бар. Біз осы жәрмеңкеге қатысу арқылы өзіміздің білім саласындағы тәжірибемізді одан сайын кеңейттік деп айта аламыз. Ұстаздармен, оқытушылармен тәжірибе алмастық. Қаншама жаңа инновациялық технологияларды үйреніп жатырмыз. Өзіміздің білмегенімізді тәжірибе алмасу арқылы біліп жатырмыз. Сондықтан осындай жәрмеңкелер халықаралық деңгейде жалпы жиі болып тұрғанын қалаймыз. Қатысқан сайын өзіміздің шеберлігіміз шыңдалады. Жалпы ұйымдастырушыларға көп рақметімізді айтамыз».

Сондай-ақ, Ақтас кентінде орналасқан «Аленушка» бөбекжайының тәжірибелі тәрбиешісі Айзада Абилова да халықаралық жәрмеңкеге бірінші рет қатысып, өз бағын сынап көрген. 

- Осы жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отырмын. Биыл мен әкелген дүнием – «Асық – ұлттық қазына». Асықты қазіргі заманда балабақшадан бастап үйретуге қаншама мүмкіндік бар, - дейді «Аленушка» бөбекжайының тәрбиешісі.

Айзада Абилова өз қолымен асықтың пішінін жасап, балаларға қызықты ету мақсатында оларды түрлі-түстерге бояп, іс-жүзінде биылдан бастап қолданысқа енгізген. Тәрбиешінің айтуы бойынша, балалар асықтармен сүйсініп ойнайды.

Екі күнге созылған халықаралық жәрмеңкеде жерлестеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша кәсіби әлеуеті жоғары педагог ретінде ІІ дәрежелі дипломды Саран қаласы білім бөлімінің «Балғын» бөбекжайы КМҚК тәрбиешісі Баулова Татьяна Александровна, ІІ дәрежелі дипломды Саран қаласы білім бөлімінің «Колокольчик» бөбекжайы КМҚК әдіскері Круг Татьяна Леонидовна, тәрбиешісі Пикарева Елена Викторовна, ІІІ дәрежелі дипломды Саран қаласы білім бөлімінің «Балғын» бөбекжайы КМҚК тәрбиешісі  Цхай Оксана Владимировна иеленді.

 ТжКБ ұйымдарының мамандары арасында әдістемелік әлеуеті мен кәсіби құзіреті жоғары оқытушылар  қатарында «Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі» КМҚК есеп-экономикалық пәндер оқытушысы Алибаева Марина Сергеевна Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.  Сондай-ақ, жәрмеңкенің барлық қатысушыларына сертификаттар берілді.

    

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА