Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл «NAURYZ RUN» қайырымдылық марафонында 100-ден аса бала мен 250-ден астам адам  жүгірді.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде Саран қаласында «NAURYZ RUN» қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Игі шараның басталуы мен аяқталуы дәстүрлі түрде Рабочая мен Новая көшелері арасындағы «Треугольник» қоғамдық орнында өтті. Сол күні Саран қаласының әкімі Еркін Баулыков салауатты өмір салтын насихаттап жүрген барлық қатысушыларды жаңару мен жаңғырудың бастауына айналған Наурыз мейрамымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Биыл спорт сүйер қауым 500 метрден бастап 7, 14 және 21 шақырым қашықтықты еңсерді. Ерлер мен әйелдер арасында алғашқы үштікте есімі аталғандарға арнайы грамоталар мен медальдер берілді.

-  Біз жүгіруден қайырымдылық марафонын бес жылдан астам уақыт өткіземіз. Көктемгі марафонды дәл біздің қала ашып жатқаны өте қуанышты жағдай. Бірнеше жыл қатарынан өткізіп жүргендіктен, марафон тек біздің қалада ғана емес, басқа да қалалар мен облыстарда өте танымал.  Шамамен Жаңа жылдан бастап Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларынан  тұрақты қатысушыларымыз қоңырау шалып, марафонды қашан өткізетінімізді сұрай бастаған. Жыл сайын бізде қатысушылар саны артып келеді. Ең қызығы, бізде жыл сайын балалардың саны артуда. Бұрын елуден аспаса, қазір жүзден астам бала қатысуда,- деп атап өтті  Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова.

Ең бірінші болып марафонды ашқан балалар көтеріңкі көңіл-күймен 500 метрлік спорт жолын бағындырды. Олардың қатарында бірнеше жыл бойы қатысып жүрген жас қатысушыларымыз да бар.

- Екі балам қатысып жатыр. Бірінші балам үшінші жыл, екіншісі екінші рет қатысуда. Балаларға ұнайды. Жылда келеміз. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз. Өте қызықты өтеді, - деп өз әсерімен бөлісе кетті Саран қаласының тұрғыны Күләш Әсемханова.

Мәреге жүгіріп келген барлық балалар естелік медаль мен тәтті сый-сияпатқа кенелді. Ал ең кішкентай жанкүйерлер үшін аниматорлармен шоу қойылып, тәтті тосын-сыйлар үлестірілді.

Сонымен қатар, дәстүрге айналған марафонға жыл сайын қатысып өз күш-жігерін бағалайтындар, спортқа етене жақын жүретіндер, отбасымен салауатты өмір салтын ұстанатындар да қатысты.

- Жарысқа биыл екінші рет қатысып отырмын. Екінші рет бірінші орын алып отырмын,-  деп айта кетті 7 км жолды бірінші болып бағындырған Майқұдық кентінен келген Ақниет Қариев.

Ал Теміртау қаласынан арнайы келген Айнұр Астанаева болса: «Біз атасы-әжесі, қызы, немересі болып әкесін қолдауға келдік. Бірінші рет қатысып жатыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Тек жеңіс алып келсін. Наурыз мейрамы құтты болсын!, - деп өз пікірін білдіре кетті.

Марафонға Астана қаласынан «Run Republic» әуесқойлар жүгіру клубының мүшелері де қатысты. 

- Біз «Run Republic» әуесқойлар жүгіру клубымен келдік. Мен өзім осындай жүгіруден марафонның барына өте қуаныштымын. Бұрын Қарағандыда тұрғанмын. Осындай бастаманы Наурыз мейрамына орайластырылғаны өте керемет. Әртүрлі қалаларда осындай старттар көбірек болғанын қалар едік. Сіздердің старттарыңыз да әдемі қалаңызда  дами берсін, - деп  атап өтті  «Run Republic» әуесқойлар жүгіру клубының жаттықтырушысы Сұлтан Базарбаев.

Көптің көңілінен шыққан игі шарадан жиналған барлық қаражат Саран қаласындағы «Лучший друг» иесіз қалған жануарларға арналған панажайына берілді.

- Біздің қаламызда мейірімді және сенімді адамдар көп екендігіне тағы да көзіміз жетті. Қала әкімі Еркін Баулыковтың бастамасымен осындай марафон ұйымдастырылып, оған ересектер де, балалар да қатысты. Шын көңілден алғысымды білдіремін. Марафонға қатысушылар жинаған барлық қаражат біздің панажайға берілді. Біз үшін бұл күтпеген жағдай болды.  Барлықтарыңызға ризашылығымызды білдіреміз, көп рақмет. Наурыз құтты болсын!, - деп өзінің алғысын білдіре кетті «Лучший друг» иесіз қалған жануарларға арналған панажайдың директоры Елена Иванова.

Саран қаласында бұл марафон әдемі дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылып келгендіктен алыс өңірлерден де ат терлетіп келген көптеген азамат игі шараға өз үлесін қосып, қайырымды іске атсалысты. Ұлыстың ұлы күнінде мәре сызығын аттаған барлық қатысушыларға авторлық логотипі бар естелік медальдар табыс етілді.

   

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА