Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан Республикасының  «Тіл туралы» Заңның 21 – бабы, «Жарнама туралы» Заңның 6 – бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін реттеу және көрнекі ақпаратты екі тілде рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсету «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ негізгі міндеттерінің бірі.

Жалпы жарнама жасау, тарату, оларды орналастыру мәселесі Қазақстан Республикасы «Жарнама туралы» Заңымен реттеледі. Заңның негізгі мақсаты – жөнсіз жарнамаға жол бермеу және оларға тыйым салу болып табылады. Қазақстан Республикасының аумағында жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде таратылатындықтан, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы тиіс.

Қаламызда мемлекеттік тілдің ахуалы зерделеніп, көрнекі ақпараттардың «Тіл туралы» заңнама талаптарына сәйкестігі үнемі қадағаланып отырады. 

Осы бағыттағы жұмысты жүргізу мақсатында өткен жылы «Көрнекі ақпарат пен жарнама сауаттылығы» әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты: Саран қаласы мен Ақтас кентінде орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарының тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, сондай – ақ осы заңнама нормаларын түсіндіру, қазақ тілінің қысқа мерзімді курстарына шақыру, аударма бойынша әдістемелік көмек көрсету, сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерді анықтау, түзету.

Аталған жоба аясында жұмыс тобы құрылып, жұмыс тобы мүшелері ай сайын бекітілген кесте бойынша қаламыздың шағын және орта бизнес объектілерін рейд арқылы тексеріп отырды. Рейд барысында мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін шағын және орта бизнес өкілдеріне Қазақстан Республикасының  «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптары түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар мен тілашарлар таратылды.

Аталған жобаға 850 шаруашылық субъектісі қамтылды. Заң талаптарына сәйкес келмейтін нысандардағы дүкен иелеріне көрнекі ақпараттарын тіл туралы заңнамаларға сәйкестендіру туралы ұсыныс хаттар берілді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 670 шаруашылық субъектісі көрнекі ақпараттарын заң талабына сәйкестендіріп, «Жедел желі» бойынша 332 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жұмыс тобы рейд барысында қолма-қол аударма бойынша әдістемелік көмек көрсетті.

Меншік иелері маңдайша, жарнаманы ілмес бұрын жергілікті тілдерді дамыту бөлімімен хабарласып, жарнама мәтіндерінің аудармалары дұрыстығын тексертіп, білмегендерін сұрап алса, мұндай қателіктер мен құқық бұзушылықтар орын алмас еді... Жалпы атқарылып жатқан істе, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Жүргізілген бақылау да нәтижесіз емес.

Тіл өлшеусіз қазына, тарихи тұғыр. Ал тарих бүгіннен басталады. Ендеше туған тілдің тағдырына бейжай қарамайық. Егер кез – келген сауда орталықтарында тілге қатысты олқылықтарды байқасаңыздар Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының  8 778 014 54 24 нөміріндегі «WhatsApp» мессенджеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

А. Нурмаханова

«Саран қаласының тілдерді

дамыту орталығы» КММ

директоры