28 наурыз күні Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығының атқарушы директоры Серік Тлекбаев пен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның жұмыс тобының мүшесі, облыстық ақпараттық топтың лекторы Шахмарал Кабулова студенттермен кездесті.
Кездесу аясында діни экстремизмнің алдын алу бойынша және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында көтерілген мәселелерге жіті назар аударылған. Ең алдымен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова сөз алып, бүгінде өзекті болып отырған мәселелерге тоқтала кетті.
Шараға қатысқан қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығының атқарушы директоры Серік Тлекбаев қазіргі таңда жастардың жат елдерге еліктеуі жайлы және діни киім үлгісінің дұрыс кию әдебіне зер салды. Мысалдар келтіре отырып жастарға дұрысы мен бұрысын түсіндірді.
Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның жұмыс тобының мүшесі, облыстық ақпараттық топтың лекторы Шахмарал Кабулова болса, өз сөзінде: «Жастар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы болуы керек» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз» деген сөздерін айта отырып, жастарға қазір зор үміт артылып жатқандығын тілге тиек етті.
Одан бөлек материалдық және рухани ысырапшылдыққа тоқталды. Мемлекет басшысы құрылтайда көтерген түйіткілді мәселелердің бірі – ысырапшылдық. Осы тұста жастарға «Судың да сұрауы бар» демекші, суды тектен-тек ағызбай, үнемдеп пайдалануға, әр нәрсеге ұқыптылықпен қарауға, қолда бар алтынның қадірін білуге шақырды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм мен лудомания жайлы да сөз қозғалды.
Кездесу соңында жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА