Саран қаласында шағын футболдан өткен қалалық ашық біріншілікте спорт сүйер қауымнан құралған ең үздік үш команда анықталды.
Биыл қалалық ашық біріншілік 2023 жылдың желтоқсан айынан басталып, наурызға дейін жалғасын тапқан. Таяуда ғана маусымның қорытынды ойыны өтті.
Ала доп додасында «Интро», «Спартак», «Жастар», «Торпедо», «Зенит», «Әл-Саран» атты алты команда өз бақтарын сынаған. Салауатты өмір салтын ұстанатын қатысушылардан құралған командалар қатарында тек біздің жерлестер ғана емес, сондай-ақ Қарағанды қаласынан келіп қатысқан азаматтар да болды.
- Биыл қалалық ашық біріншілікке деңгейі бойынша сәйкес келетін командаларды шақырдық. Бір жағынан балалар ойын барысында тәжірибе жинап, ептіліктерін дағдыландыра алды. Келесі жылы да өткізу жоспарда бар. Себебі бұл дода қаламызда дәстүрлі түрде өтіп тұрған. Осыны қолға алып, көптеген командаларды жинаймыз деген ойдамыз, - деп өз пікірімен бөлісе кетті қалалық спорт орталығының футбол жаттықтырушысы Иван Филатов.
Қалалық ашық біріншілік аясында әр команда 15 ойын өткізді. Апта сайын алдын ала белгіленген кестеге сәйкес топ мүшелері бір-бірімен кездескен. Қорытынды кездесуде маусым бойынша бір ғана жеңіліс тапқан «Интро» командасы қарсыластарынан оза шауып, жеңімпаз атанды. «Торпедо» командасы жүлделі 2-орынды иеленсе, «Зенит» командасы 3-орынмен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА