Қасиетті Рамазан айында «Qarmet» көмір департаментінің мұрындық болуымен «Имидж» кафесінде кеншілерге, шахта ардагерлері мен зейнеткерлеріне, кәсіпорында жұмыс істеген барлық жұмысшыларға ауызашар берілді.
Алдымен, Саран қалалық мешітінің наиб имамы Мұхаммедқали қажы Саликов ауызашардың мол сауабы мен оразаның қасиеті туралы қысқаша түсіндіріп кетті.
Игі отырысқа қатысқан «Саранская» шахтасындағы әкімшілік мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Артем Шалаев жиналған қауымды, ораза ұстап, ауыз бекіткен барша жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Биыл көмір департаменті барлық шахталарында игі істі өткізуді қолға алған.
- Мұндай іс-шара бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Әр шахтада өз кәсіпорнында іс-шара ұйымдастыруға нұсқау берілген, - деп атап өтті өз сөзінде «Саранская» шахтасындағы әкімшілік мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Артем Шалаев.
Одан соң, сөз алған Саран қаласының құрметті азаматы, көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері Жанат Ашимов ізгі амалдар мен игі қадамдарға, жақсылық пен рақымшылыққа жетелейтін Рамазан айында сауапты шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Отырыста тағылымды насихат пен кеншілердің ауыр жұмысы айтылды, естеліктерге шолу жасалынды. Жиналған қауым «Оразадан оразаға аман-есен жете берейік» деген тілек білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА