Ұлттың ең басты, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық жазылған. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру.
Тіл байлығын, олардың құрамындағы сөз саны емес, оның қолданысы анықтайды. Сөйлегенде тіліңнен бал тамып, тыңдаушыны өзіне баурап алу үшін, тіл байлығың керемет, сөздік қорың мол болуы тиіс. Тілсіз, қоғам өмір сүре алмайды, тіл қоғам бар жерде ғана пайда болып, дамиды. «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» – делінген. Тіліміздің мәртебесін көтеру үшін біз әлі де болса еңбектенуіміз қажет. Ғасырлар бойы тәуелсіздігімізді аңсап, өзге ұлттардың көлеңкесінде жүрдік. Ана тіліміздің тағдыры қыл үстінде болды. Ата – бабаларымыздың аңсаған армандарына жетіп, тіліміздің мәртебесін көтереміз дегенде, ағылшын тілі қосылды.
Әрине, қазіргі заман талабына сай жастарымыз үш тілді жетік меңгеруі қажет. Дегенмен де, өз тіліңде шорқақ сөйлеп, өзге тілде сайрайтын адамдар қаншама. Қазіргі заманда ата – бабаларын білмейтін, Абайды оқымайтын, Ахметті танымайтын жастарымыз кездесіп жатады. Осы кезде Мұхтар Әуезовтің «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары оқу орнына ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек», – деген сөзі ойға келеді. Сондықтан да басқа елдің тілін үйреніп, оны жетік білсек де, өз тілімізді құрметтеу біздің басты міндетіміз. Қазақ тілінің тағдыры, елімізде туып – өскен өзге ұлттарда емес, қазақ халқының өз қолында.
Ж.Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі