Биыл аймақтық «Жайдарман» фестиваліне Саран қаласы әкімінің жүлдесі үшін он екі команда қатысты. Жалынды жастардың көпшілігі тартымды өнерімен көрермендерді тамсандырып, өткір әзілімен ой салып, қошеметке бөленді.
Саран қаласында қала әкімінің жүлдесіне арналған аймақтық «Жайдарман» фестивалі бірінші рет 2019 жылы өткізілген. Биыл көңілді көңіл-күй сыйлайтын, тартысқа толы әзіл сайысы дәстүрлі түрде өз жалғасын тапты. Тапқырлықтың тың үлгісін көрсеткен ойынға Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларынан келген он екі команда бақтарын сынаған.
- Осы жолы «Жайдарман» фестивалін Саран қаласының 70 жылдығына орай ұйымдастырып отырмыз. Өте мықты командалар, өте танымал, жас студенттер келіп жатыр. Барлықтарына сәттілік тілейміз. Ең мықтылары ғана жеңсін!, - деп тілегін білдірді қалалық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Нықаш.
Сахнада өнер көрсеткен командалардың бәрі де ұтымды қалжынымен көрермендерді күлкіге қарық қылды. Ал олардың өнерлерін Қарағанды облысының медиа-футбол лигасының директоры Бегім Қантөре, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының педагогі, Саран аймақтық жайдарман жетекшісі Алданыш Мусабеков, ардагер жайдарманшы Қайрат Блялов, Саран қалалық мәслихатының депутаты Гүльнур Кулкаева мен қалалық тілдерді дамыту орталығының басшысы Альбина Нурмаханова бағалады.
Жайдарлы өткен «Жайдарман» фестивалінің нәтижесі бойынша көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шыққан «Айна-line» командасы бас жүлдені иеленіп, 100 мың теңге мен қала әкімінің кубогын қанжығасына байлады. «Хет-трик» командасы 80 мың теңгелік сертификатқа ие болып, 2-орынға жайғасты. «Орталық» жайдарман командасы жүлделі 3-орыннан көрініп, 60 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысқан командаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
- Осы жайдарманға келгенімізге бір жыл уақыт болды. Қазір Қарағанды облысының супер лигасында ойын көрсетеміз. Осы жақта ойын болатынын білгеннен бастап, бірден дайындыққа көштік. Бірден жүз мыңды алуға еңбек еттік, жұмыс жасадық. Еңбегіміз ақталды өте қуаныштымыз, - деп пікірімен бөлісе кетті «Айна-line» командасының капитаны Амина Ганиева.
Марапаттау сәтінде төрелік еткен қазылар алқасы әр топтың дайындығын жақсы бағалап, бір-бірінен асып түскендігін айта отырып, ризашылықтарын жеткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА