Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Шоқжұлдыз» балалар мен жастар шығармашылығының XII республикалық фестиваль-конкурста Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Үкілі домбыра» үйірмесі I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Қарағанды қаласында «Аврора» мәдени демалысын қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен фестиваль-конкурсқа балалар, жастар және ересектерден құралған шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар қатысты. Кілең мықтылар жиналған додаға биыл бірінші рет Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Үкілі домбыра» үйірмесінің домбырашылары да өз бақтарын сынап көрген.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне сәйкес бөлінген. Жалпы «Сән театры», «Вокал», «Хореография», «Көркем сөз», «Аспаптық музыка», «Театр өнері» мен «Цирк өнері» атты номинациялары бойынша сыналған.

«Үкілі домбыра» үйірмесі «Аспаптық музыка» номинациясына қатысып, жеке және ансамбльдік орындауға сақадай сай дайындалған.

- Біз былтырдан бері пысықтап жүрген күйлерімізді дайындадық.  Балалар барлығын жақсы тартып шықты, өзімнің көңілімнен шықты. Жеке орындауда Жаннұр Рүстемқызы күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін ортекемен дайындаса, ансамбльдік орындауда дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тарттық, - деп атап өтті «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі Бибайша Шарипбаева.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаздардың басын қосқан фестиваль-байқаудың нәтижесі бойынша «Үкілі домбыра» үйірмесінің домбырашысы Жаннұр Рүстемқызы мен домбыра ұжымы І дәрежелі дипломға ие болды. Сондай-ақ, «Шоқжұлдыздың» арнайы кубогының иегері атанды. Екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын дара  оқушыларды дайындаған «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі Бибайша Шарипбаеваның еңбегі де елеусіз қалмай, дипломмен марапатталды.

Қазіргі таңла «Үкілі домбыра»  үйірмесіне 25-тен астам бала қатысып жүр. Домбырашыларды жеңісімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз, бағындырар шыңдарыңыз көп болсын.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА