Таяуда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің спортшылары волейболдан өткен «Ұлттық студенттік лигасы» облыстық жарыстың жүлдегерлері атанды.
«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен колледж студенттерінің 1 дивизион арасында волейболдан «Ұлттық студенттік лигасы» атты облыстық жарыс өтті. Оған салауатты өмір салтын насихаттап жүрген ұлдар құрамасына 17 команда қатысса, қыздарда 14 команда жиналған. Олардың қатарында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің жас спортшылары да бар.
Спорттық шеберлікті жетілдіретін, жастарды шыңдай түсетін жарыста Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ұлдар командасы жоғары дәрежедегі ойын көрсетті. Алайда жеңіске бір қадам жетпей, күміс медальдарды олжалады. Қыздар командасы да қарсыластарынан қалыспай, 4-орынға жайғасты.
- Менде қазір 12 ер бала дайындалады. Біздің колледжде аптасына екі рет жаттығу өтеді. Жетекшілік етіп жүргеніме он бір жыл болды. Осы он бір жыл ішінде ұлдар құрамасы үштіктен түспеген. Жыл сайын жүлделі орындарға ие болып жүр, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің волейболдан ұлдар құрамасының жаттықтырушысы Арман Байхадамов.
Жарыс болғандықтан бірде жеңіс, бірде жеңіліс болып тұрады. Колледж студенттеріне алдағы ойындарда сәттілік тілейміз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА