Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Халқымыз бала тәрбиесін құнды байлық деп санаған. Ал оған ұлттық нышан беру – ұлт келешегін ойлаудан туған дүние, даналық. «Ұлт  боламын десең, бесігіңді түзе», –  деп Мұхтар Әуезов дөп басып айтқан. Ұлттық тәрбие алған бала дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып ер жетеді. Сол себепті де ұлттық тәрбие – ұлт болашағы. Ұлттық тәрбиенің бастауының негізі, қайнар көзі – тіл. 

«Тіл – тәрбие бастауы» деп тегін айтылмаған. Өйткені, адам баласы дүние есігін ашқаннан бастап айналадағы жаңа ақпараттарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Өз ана тілін сәбилер ананың әлдиінен, бесік  жырынан, қоршаған ортасынан бойына сіңіру арқылы үйренеді. Ержете келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Мінекей осылай, ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді, отбасылық тәрбиенің негізгі бастау көзі – ана тілі. Қазақ әр кезде де ұрпақ тәрбиесіне жете назар бөлген. Ал ұлттық тәрбиенің негізі әрине, әрқашанда ана тілі болып табылады.              

Ана тіліміз – ата – бабамыздан келе жатқан жетпес мұра. Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға міндетті. Дегенмен де, ана тілімізді шұбарлап, өзге тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндер де жиі кездеседі. Тіптен, туған тілінен безіп,  менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі жазушы  Ғабит   Мүсіреповтің   «Тілін білмеген, түбін білмейді», деген сөзі ойымызға еріксіз түседі. Әлемдегі ең жақсы адам – өз ана тілін қадірлеп, құрмет тұтқан адам. Әрине, бұл өзге тілді меңгеруіне бөгет болмайды, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Туған жерімізде ана тілімізде сөйлеу – біздің ең басты парызымыз! Сәби  дүние есігін ашқаннан бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек. Өйткені, ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиеліктің басты өлшемі!

 

Ж.Джумашева,

Саран қаласы полиция бөлімі