Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласы мен Ақтас кентінің тұрғындары  «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді түрде қатысуда.

Бәрімізге мәлім, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Ауқымды экологиялық науқанның алғашқы «Таза өлке» аптасына тұрғындар, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері, колледж студенттері мен еріктілер қатысып, қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша көктемгі сенбілікке шықты.

Осы уақыт аралығында қала көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына тұрғындар бір кісідей атсалысып, табиғаттың тынысын ашуға өз үлестерін қосуда. Өздеріне тиесілі бөлінген аумақтарды, көшелерді  тұрмыстық қалдық заттар мен күл-қоқыстардан, ішінара бітеліп қалған нөсер торларды тазартты. Сондай-ақ, өсіп кеткен ағаш бұтақтар қыстартылды.

 «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Айдын Мұхтардың айтуынша, алғашқы аптада 30 бірлік тиеу техникасы мен 50 бірлік жүк техникасы жұмылдырылған.  Жалпы 45,6 га жер тазартылып, 350 тонна қоқыс шығарылды.

Алдағы уақытта да қала тазалығын сақтау мақсатында жұмыстар жүйелі жоспарға сәйкес жалғасатын болады. Саран қаласының әкімі Еркін Баулыков өзінің «Іnstagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейтінін атап өтті.

«Біздің қала «Таза Қазақстан» акциясына қатысуды жалғастыруда, бүгін әріптестер осы акцияны қолдауға шықты, тұрғындар өз аулалары мен іргелес аумақтарды жинауға қатысып жатқанын көріп отырмын, ол үшін жеке алғысымды білдіремін, өйткені біз бірлесіп қана қаламызды көрікті ете аламыз. Коммуналдық қызметтер де күшейтілген режимде жұмыс істейді, бірақ алда әлі көп жұмыс бар, сіздердің барлық ескертулеріңізді ескеріп, пысықтайтын боламыз», - деп атап өтті қала әкімі.

Осы аптада 20 сәуір күні тұрғындар «Киелі мекен» апталығына қатысып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Қазірдің өзінде қала жұртшылығы тазалау жұмыстарына кірісіп кеткен.

Келесі «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталықта ағаш көшеттерін отырғызып, ағарту жұмыстары жүргізілмек.  Ал 4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтары тазалау мен абаттандыруға арналады. «Мөлдір бұлақ» атты соңғы бесінші аптасында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.

Сондай-ақ, Саран қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында  «Таза Саран» байқауы өткізілуде. Байқауға қатысу үшін материалдар 31 мамырға дейін қабылданады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА