Әрбір халықтың тілінде оның ұлттық дәстүрінің, сана сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез – құлқы белгілері көрініс табады. Осы тілді, тіл мәдениетін игеру баланың сәби шағынан іске асатын, толықтырып, толғандырып жетілетін үрдіс десек те болады. Міне, баланың өз тілінде сөйлей білуі отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде дамыту әрбір қазақ иісі аңқыған азаматтың бойындағы жігеріне, намысына байланысты.
Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей–жай қарамауымыз керек. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенін қалаймыз. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты.
Жоғарыда айтқандай біздің бейбіт өмірде ешкім ешкімді бұғаулап, матап, қазақ тілін үйрен деп жатқан жоқ. Әр азамат өз тілін, өз дінін қадірлей, қастерлей білсе, нұр үстіне нұр. Туған тілдің мәселесін түпкілікті шешуге әр отбасы маңызды мәселе деп қарауы керек. Басқа ұлт өкілдерінен қазақ тілінің болашағына, маңыздылығына көз жеткізгендер, балаларын қазақ мектебіне беріп, бос уақытта тілдерін дамытулары, ұлттық өнерге деген құштарлықтары, бұл қуанарлық жағдай. Осы орайда біздің полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Заур Харатдиноглы Абдуллаевтың өзі және балалары таза қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ән шырқап, тіл бойынша бірталай конкурстарға қатысулары біз үшін үлкен мақтаныш, әркімге үлгі боларлық іс.
Тілі мықтының – елі мықты. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзің Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Ендеше, тілімізді, ұлтымызды, елімізді, отбасымызды қадірлейік!
Ж.Джумашева,
Саран қаласының ПБ