Саран қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова мен қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұрсұлу Сабырова Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінінің студеттерімен «Қоғам мен жастар» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесуде жастарға тәлім-тәрбие беретін тағылымды шаралардың басы-қасында жүретін Гүлжан Жүсіпбекова елімізде жастардың қоғамдағы орны жайлы сөз қозғап, ұлттық құндылықтардың мән-маңыздылығына аса көңіл бөлді.
- Бас қосуымыздың мақсаты – қоғамыздың игі ниетін қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарымызды жастардың бойына жеткізу. Өйткені Қазақстан деген үлкен елдің ең белсенді де, білімді, потенциалдары жоғары, ол – жастар. Сондықтан егеменді еліміздің дамуына, гүлденіне өз үлестеріңізді қосады деген үмітіміз сіздерге бағытталады, - деп өз сөзінде атап өтті Аналар кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ, ел тәуелсіздігі мен оның кең байтақ даласы, тілі мен салт-дәстүрі кеңінен талқыланып, көздің қарашығындай сақталу керектігі айтылды. Қыз баланың бойына тән қасиеттер, көркем мінезділігі мен қазақ қызының бейнесі, болмысы да назардан тыс қалмады.
- Бүгінгі қыз – ертең ана болып, бір шаңырақтың түтінін түзу шығарады. Қазақ қыздары – инабатты, ибалы. Қыз баланың тәрбиесін қозғағанда ұлдарымыздың да тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Оларға да сен ертең ержетесің, бір жанұяның асыраушысы боласың, біреуге адал жар, қамқор әке боласың деп айту – отбасының міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет»,-деп айтқан болатын. Жастар – ел болашағы деп бекерден-бекер айтпаймыз. Сіздерге деген үмітіміз өте зор,- деді Гүлжан Жүсіпбекова.
Кездесуде қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұргүл Сабырова өз кезегінде жастарға арналған мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА