Саран қаласының құрдасы, еңбегімен елге сыйлы Жұмабике Токушева қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет етіп жүргеніне биыл төрт жыл болса, коммуналдық шаруашылықтағы жалпы жұмыс өтіліміне 8 мамыр күні 50 жыл болды.
Жұмабике Мұхаметжарқызы үшін жарты ғасыр ғұмыр көзді ашып жұмғанша өте шықты. Өзі Омбы облысы Любинский ауданының тумасы. 1970 жылы Екібастұз тау-кен құрылыс техникумына түсіп, оны 1974 жылы наурызда «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Сол жылы Қарағанды қаласына «Қарағандыкөмір» комбинатына жас маман ретінде келіп, кейін Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына жіберілген.
- Мен Саран қаласына 20 жастағы жас қыз болып келдім. Ол кезде коммуналдық шаруашылық не екенін де білмедім. Мені сол жерге жіберді. Сөйтіп, «көз-қорқақ, қол-батыр» деп жұмысқа кірісе кеттім. Бұл жұмыс тікелей адамдармен байланысты болғандықтан оңай болмады, - деп алғашқы жүріп өткен жолдарымен бөлісе кетті Жұмабике Мұхаметжарқызы.
Бөтен жерде, жаңа ортада бірден жұмыс істеп кету әркімге оңай болмасы хақ. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмыстың ауыртпалығынан бас тартып, кеткісі келген сәттері де болғанын жасырмайды. Алайда жас маманның бағы осы Саран қаласында ашылып, шаңырақ көтеріп, отбасының ұйытқысына айналды. 1996 жылдың 1 қазанында тұрғын үйді монополиясыздандыруға байланысты пәтер иелерінің «Саят» тұтыну коорпоративін ашып, төрағасы атанды. Осы уақыт аралығында Саран қаласында бірнеше рет үздік деп танылып, көптің ризашылығына кенелген.
- Адамдармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, басымыздан не өтпеді. 1996 жылдары адамдар ақша жағынан қысылған шақта, жарық, жылу болмаған кездерде де жұмыс істедім,- деп пәтер иелерінің «Саят» тұтыну коорпоративінің төрағасы сол бір жылдар жайлы сыр шертті.
Жұмабике Мұхаметжарқызы – Саран қаласының құрметті азаматы. Сәні мен салтанаты келіскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Саран қаласына деген махаббаты өте ерек. Жастық шағының куәсі, естен кетпес естеліктерге толы болғандықтан жанға сая, көңілге қуаныш ұялатады. Тіпті, кезінде 1 А ықшам ауданында отырғызған көшеттері, бүгінде тамыр жайған.
- Қаламыз 70 жылға келіп қалды. Алға қарыштап дамуына әрдайым тілекшімін. Саран қаласы көркейіп, гүлдене берсін. Бүгінде зауыттардың іске қосылғаны да нұр үстіне нұр. Қала тұрғындарына, барлықтарыңызға зор денсаулық пен қажымас қайрат тілеймін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын,- деп Саран қаласының құрметті азаматы тілегін арнады.
Жұмабике Токушева қазір зейнет жаста болса да, қаланың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысады. Ардагерлер кеңесінде жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беретін, тағылымды шаралар ұйымдастырып, қазыналы қарияларымызға сый-құрметін көрсетуде.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА