Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Еркін Баулыковтың қатысуымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Отан қорғаушылар күнін ұлықтау да биыл қаламызда бар сән-салтанатымен атап өтілді. Мерекелік шараны патриоттық рухқа толы өлең жолдарымен жандандыра түскен Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп пен №1 мектеп-лицейінің білім алушылары ашып берді. Салтанатты жиынға қала әкімі Еркін Баулыков қатысты.

-              Баршаңызды келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!  Елімізде әрқашан тыныштық, бейбітшілік, ашық аспан болсын. Бұл күн ерліктің, батылдық пен патриотизмнің символы болып табылады. Бүгін біз өз өмірін Отан қорғауға, қиын әскери қызметке арнаған барлық азаматтарды құттықтаймыз,- деді қала басшысы.

Салтанатты жиында Саран қаласының прокуроры Ж.Накишев, Саран қаласының полиция бөлімінің бастығы А.Сейтжанов, Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы А. Абилкасимов,  қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы С. Анищенко, №24 өрт сөндіру бөлімінің бастығы М.Искаков,  44803 әскери бөлімінің командирі, полковник А.Бородулин, С-300 зениттік зымырандық дивизион командирі, майор О.Калиев Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

-              Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасын алғанымызға рақметімізді айтамыз. Іс-шара өте жақсы, жоғары дәреже өтуде. Барша еліміздің азаматтарын, болашақ Отан қорғаушыларды мерекелерімен құттықтаймын. Бар жақсылықты тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деп тілегін білдіре кетті Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Азиз Абилкасимов.

Отанды қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Мерекелік концертте әскери ант қабылдап, тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен бейбітшілігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп, ел тыныштығын сақтауға үлесін қосып жүрген әскери қызметшілердің ерлігі мен батырлығы айтылды.

-              Құрметті жерлестер, қадірменді ардагерлер ата-бабаларымыздың даңқты жолымен бүгінгі буынның туған елге қызмет ету дәстүрі  тоғыстыратын мереке Отан қорғаушылар күні құтты болсын. Бүгінгі күнді айбынды армиямыз, қастерлі тәуелсіздігімізбен мемлекетіміздің мызғымас қорғанына айналды. Кез келген мемлекет үшін елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі басты орында,-деді қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов.

Саран қаласының өнерлі өнерпаздары да жігерлі әндерімен, биімен концерттік бағдарламаның сәнін келтіре түсті. Одан бөлек, қалалық мәдениет үйінің екінші қабатындағы фойесінде Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Мамандық бар – Отанды қорғау», «Отанға адал қызмет етуге ант етемін!», «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты кітап көрмелері қойылды.

Онда қала жұртшылығы Қазақстан Республикасының  бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен жалғыз қазақ Рақымжан Қошқарбаев пен қазақтың мерген қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова жайлы тарихи деректермен танысты. Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің балалар бөлімінің кітапханашысы Алина Мусинаның айтуы бойынша, көрмеге Саран қаласының ардагерлері, Ұлы Отан соғысындағы сол бір сұрапыл жылдар жайлы мағлұматтар, елдің жадынан өшпес, мәңгі мұра болып қалған құнды кітаптар әкелінген.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА