Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жас спортшылар айтулы бәйгеде алтын, күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Таяуда жасөспірімдер, кадеттер, бозбалалар мен балалар арасында бокстан Пришахтинск «АТЛАНТ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашық кубогының турнирі өтті. Оған Саран қаласынан 12 және 13 жас аралығындағы төрт жас спортшы қатысып, өз бағын сынап көрген. Саран қаласының спорт орталығының жаттықтырушысы Арслан Канафиннің айтуы бойынша, жарысқа жан-жақтан 100-ге жуық қатысушы келді.

- Турнирдің өзі жақсы, жоғары деңгейде өтті. Бәрі ұйымдастырылған. Күнделікті жаттығу жұмыстарын жасап жүргендіктен осы турнирге көп дайындалдық деп айта алмаймын, шамамен, екі аптадай уақыт кетті, - деді Саран қаласының спорт орталығының жаттықтырушысы Арслан Канафин.

Спорттық іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын және жастар арасында бокс спорт түрін насихаттауға, бос уақытын тиімді пайдалана отырып, спортпен шұғылдануға тартуға бағытталған. Бұл турнир көптеген жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түскендігі айқын. Жастар ұтымды әдістерімен қатар, шаршы алаңда қимыл дағдыларын қалыптастыруда өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп, қабілеттерін шыңдай алды.

Екі күнге созылған айтулы спорт бәйгесінде 33 келі салмақ дәрежесінде Әуезұлы Тәңірберген 1-орынды қанжығасына байлады. Жыл басталғалы бұл оның үшінші жеңісі. Ал 39 келі салмақ дәрежесінде Алибаев Досжан 2-орынға ие болды. 36 келі салмақ дәрежесінде Гизатулин Ринат пен 41 келі салмақ дәрежесінде Марисов Артём 3-орынмен марапатталды.

Саран қаласының спорт орталығының жаттықтырушылары Арслан Канафин мен Евгений Хисметов биылдан бастап қалалық жас техниктер станциясында жаттығу жұмыстарын тегін жүргізеді. Бүгінде 40-қа жуық жас спортшы аптасына бес рет бокспен шұғылданып жүр. Аз уақыт өтсе де, ауыз толтырарлықтай жетістіктерімен жеңіс қоржынын толықтыруда. Боксқа 9 жастан бастап, 14 жасқа дейінгі балалар қабылданады.

Қазіргі таңда спортшылар 26 мамыр күні өтетін облыстық чемпионатқа қызу дайындық үстінде. Жас былғары қолғап шеберлеріне сәттілік пен жеңіс тілейміз!

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА