«Ата-ана қадірін білмеген – халық қадірін біле алмас.
Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас».
Ғабиден Мұстафин
«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаса керек. Үйдің отағасы – асқар тауға теңелсе, отанасы – отбасының ұйытқысына айналған. Көбіне ардақты аналарымыздың аяулы алақанымен үйдің берекесі кіріп, жылы сөздерімен бойға нәр тарайды. Елімізде тойланатын көптеген мерекелердің ішінде отбасы және аналар күні ерекше жылулығын шашып, нұрға бөлеп тұратындай. Себебі әрбір адам баласына түн ұйқысын төрт бөлген, бар жақсылығын алдына тосқан аяулы анасы, сыйластық пен жарастық орнаған ортасы бәрінен қымбат.
Саран қаласының №1 отбасылық оқу кітапханасында кез келгеннің бойына жылулық сыйлайтын, езу ұялататын мерекеге орай «Ана нұры-махаббат нұры» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова, ақын О.Ж.Бартаева, көпбалалы аналар мен ақжаулықты әжелер шақырылды.
Іс-шараның жүргізушілері №1 отбасылық оқу кітапхананың және №3 кітапхана филиалының кітапханашылары халықаралық Аналар күнінің мән-маңыздылығы мен шығу тарихына тереңнен тоқталып, оның дәстүрлерімен кеңінен таныстырды. «Әйел болу қандай керемет...» кітап көрмесіне ең таңдаулы деген баспаларды қойып, әйел-ана, отбасындағы бала тәрбиесі, өнер мен поэзияға, арнауға, психологиялық кітаптарға назар аударылды. Тек онымен ғана шектелмей сұлулыққа, мәдениеттілікке, бизнеске жол ашатын мағлұматтармен де қамтылды. Мұндай дөңгелек үстелдер әйел адамның ішкі дүниесін ашып қана қоймай, рухани азық алуға, шабыттануға, пікір бөлісіп, жаңа мүмкіндіктерді ашуға септігін тигізері хақ.
Шарада сөз алған қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударатынын айтып, бала тәрбиесіндегі ананың рөліне тоқтады.
- Ана деген бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Өйткені аналар баланың жүрегіне мейірімділікті, адамгершілікті, адалдықты сіңіре білсе, сол бала болашақта да тек қана өзінің отбасын қорғап қана қоймай, Отанымызды, бүкіл әлемді қорғай алатын азаматқа айналуы мүмкін, - деді Гүлжан Жүсіпбекова.
Сондай-ақ, жылулық пен ізеттілікке, сыйластық пен мейірімділікке толы кездесуді талантты ақын О.Ж. Бартаева авторлық өрнекті өлеңдерімен әсерлендіре түсті. Қонақтар ыстық ұя мен қара шаңырақтың маңыздылығын талқылап, ата-бабадан дәріптеліп келе жатқан салт-дәстүрлердің сақталуы һәм ананың рөлі туралы ой-пікірін білдірген. Дөңгелек үстелдің соңына қарай, «Әйелдер практикумы» атты мерекелік викторинаға қатысып, жақсы көңіл-күймен ризашылығын айтып тарқасты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА