Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Күллі жаратылысты адамзатқа бағындырып, дүние тіршілігінде өзінің ғана Ұлы Құдіретін таныту үшін ұлттар мен ұлыстарды жаратқан, әрі Өз кеңшілігімен түсініктерімізді түрлі еткен Аллаға барша мақтау мен мадақтар болсын! Сондай-ақ, Алланың кемел дінін жеткізіп берген адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымызға Алланың сәлемі мен игілігі бола бергей!

Адамзат қай елде болмасын қауіпсіз әрі тыныш өмір сүре алуы үшін өзін қоршаған ортамен мәмілесін жөндеп алуы қажет. Онсыз ешқандай игіліктерге қол жеткізу де мүмкін емес. Себебі, адам баласы жаратылысынан қоғамның ішінде біте қайнасып өмір сүруге бейімделе жаратылған. Оның өз бетінше жеке-дара өмір сүре алуы әсте мүмкін емес. Алла Тағала адам баласын жердің бетіндегі ұлы мақсат үшін жаратқан. Бұл мұратты бүкіл адамзатқа тура жол нұсқауы етіп түсірген Құранында баяндайды:

 «(Ей, Мұхаммед Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Раббың бүкіл періштелерге: «Расында, Мен Жерде орынбасар жасаймын!», – деген кезде олар: «Онда бұзақылық істейтін және қан төгетін біреуді жасамақсың ба? Біз Сені дәріптеп пәктейміз әрі Сені қастерлейміз», – деді. Ол: «Шындығында, Мен сендер білмейтінді білемін», – деді.

Бұл аяттан алынатын тәлім – Алланың Адамды Жерде орынбасарлық міндетке арнап жаратуы және періштелердің сөзінен бұл мәртебенің ұлылығы айқындалады.

Орынбасарлық міндеттің әуелгі талабы – адамның Алла Тағаланы лайықты деңгейде танып білуі және Оған тиісінше құлшылық етуі. Алланың білімі мен құдіретіне шек келтірмей бас ию – ең басты міндет.

Барша адам баласы жер бетіндегі әрбір сәтінде негізгі үш байланыстан ешқашан ажырамайды әрі сол үшін мойнына жауапкершілікті әу баста арқалап алған. Сөзімізді Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен бекемдесек:

 «Қайда болсаң да, Аллаға қатысты тақуалық қыл! Әм жаман ісіңнің соңынан жақсылық жаса, ол оны өшіреді. Және де адамдарға жақсы мінез көрсет!», – деген. Әлемдердің Раббысы осы үш принципті адамдарға ортақ заңдылық етіп бекіткен.

Біріншіден, «Қайда болсаң да Алладан қорық!» – бұл Алла хақысының атқарылуы арқылы адам мен Алласы арасындағы иман мен бойсұнуды нығайтатын, сондай-ақ оның дүниенің қасіреті мен ақиреттің азабынан құтылуына нақты кепілдік береді.

Екіншіден, «Тағы жамандықтың ізінше оны өшіретін жақсылық жаса!» – бұл рухани тәрбие арқылы адам мен өз жанының арасындағы рухани тазалық пен әділеттілікті нығайтатын, өзіне әділетсіздік жасау қатерінен сақтайды.

Үшіншіден, «Тағы адамдарға жақсы мінез көрсет!» – бұл адамдарға тек жақсы мінез көрсетуі арқылы адам мен қоғам арасындағы құқықтар мен бостандықтарына кепілдік беретін, сондай-ақ теңдік, бірлік пен бауырмалдық, бейбітшілікті нығайтады.

Міне, шариғаттың осы талаптарын терең түсінген әрбір мұсылман жүректері тыныштықта өмір сүрері сөзсіз. Сонымен қатар, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету де үлкен мақсат болып табылады. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін тарихтың таңынан елді басқарудың әртүрлі жүйелері қалыптасты. Сол формалардың бірі – зайырлық негізде басқару жүйесі бүгінде қазақ елінің таңдауы екені белгілі.

Әрине, «зайырлық» ұғымы атеизм дегенді білдірмейді. Ислам – күнделікті өмір салтымен санасатын дін. Ол – дін мен дүние, Алла мен әлем, адам мен ақыретті өз алдына жүйелеп танытатын, қабылдайтын дін. Сондықтан зайырлылық ұғымы мемлекеттік институтқа оның құндылықтық тұрғыларына ғана қатысты емес. Олай болмаса кешегі кеңестік атеизм ұстанымынан еш айырмашылығы қалмайды. Біздің еліміздегі зайырлылықтың өзегі – адам құқығын қорғау, оның кәсібіне, міндетіне, қызметіне, тегі мен дініне қарай ерекшелемеуге бағытталған. Адамдар тең құқылы болғанымен әрбір азаматтың өзіндік статусы, жауапкершілігі мен міндеттерін жоққа шығаруға да болмайды.

Бұл мәселелерде қос дүние сәруарының өмірі бізге жол көрсетеді. Ислам діні мұндай қоғамдағы мәмілелер қалай жүргізілу керектігін он төрт ғасыр бұрын көрсетіп берді. Әлемге жер бетіндегі құқықтық мемлекеттің озық үлгісін ұсынды. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасиетті Мекке қаласынан, нұрланған Медина қаласына һижрет еткен кезінде шаһар тұрғындарының ішінде мұсылман да, мұсылман емес те, яһудилер мен мұнафықтар да бар еді. Билік өз қолына өткен кезде де олардың ешбіріне жәбір көрсетпей, керісінше бір отаудың ішінде татулықта өмір сүрудің қағидаларын үйретті.

Еуропаның оянуына, ғылым-білім жолында өздерін құрбандық етулері ислам дінінің  Еуропаға келуімен тікелей байланысты, өйткені зайырлық ұғымы ислам дінінің негізінде жатыр. Ислам дінінің негіздеріне үңілер болсақ ол тек адамның рухани жақ құлшылық-ғибадатпен ғана қамтып қоймай сонымен қатар ол адамның материалдық жағын да қамтиды.

Алла Тағала Құран кәрімде:

Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тамададым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым, дейді

Ислам дініндегі кемелдік дегеніміз –дін аясында адам өмірінің әр тұсы, кез-келген жағдаяттарына жауап бере алуы.  Ол иман, амал, сенім, шариғат, құлшылық, қарым-қатынас, ілім, көркем мінез.

Ислам барлық ұлттарды, ұлыстарды теңестіреді. Ислам діні аясында ақтың қарадан, арабтың араб еместен, азат адамның құлдан еш айырмашылығы жоқ.

Тәуелсіздіктің таңында жетпіске жетпеген мешіттердің саны бүгінде үш мыңға жуықтап отыр. Кеңес одағының тұсында қор болған діни және ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, тіліміз бен салт-санамызды түлетудеміз. Мешіттерімізде ата дінімізді ұлықтап, Исламның тәлім-тәрбиесін уағыздап, Алланың Кәләмін еркін үйреніп, үйрететін мамыражай өмірге қол жеткіздік. Дін мамандарын дайындайтын медреселеріміз қызмет етуде. Көп конфессиялы елімізде тек қана мұсылмандардың ғана емес, басқа дін өкілдерінің құқықтары мен бостандықтары толығымен қорғалуда.

Сөзсіз ислам адамзатқа жіберілген соңғы кәміл дін. Бұл діннің рақымдылығының, әділдігінің аясында барлық жаратылыс орнын тапқан. Бұл орайда адамзаттың орны тым қымбат, соның ішінде әйел заты ерекше құрметке бөленген.

Ислам діні адамдарды өзара ауызбіршілікке ынтымаққа үндейтін дін. Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида,  исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын иләһи қасиет.

Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар.

Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету,  деді.

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: ««бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан.

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын», деген.

Сөзімізді қорытындыласақ, мұсылман барлық адамдарға жақсылық қалап, олардың тура жолда болуын көздеуі керек. Себебі, исламның жолдауы – бүкіл әлемдерге жіберілген игілік және нұр.

 Сондықтан да, мұсылман ешбір адамға нәсілшілдік немесе ұлтшылдық қырын көрсетпейді, керісінше, оған рақымдылық сезімімен қарап, игілік пен туралық тілейді.

Алла Тағала еліміз бен жерімізді түрлі апаттардан сақтап, әлем алдындағы абыройымызды арттырғай!

 

Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы,

Саран қалалық мешітінің имамы