Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс – қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана – тіліміздің қадір – қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды мәселе. Бұл бағытта қазіргі таңда жер – жерлерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, барша жұртты қазақ тілімен қауыштыру жүріп жатыр.
Осыған орай, Саран қаласының полиция бөлімінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне қазіргі уақытта аса көңіл бөлінген. Қызметкерлерге қалалық тілдер басқармасының әдіскерлері мемлекеттік тілді оқу – үйрену бойынша курстар ұйымдастырған. Полиция бөліміндегі барлық іс қағаздарды жүргізу, жедел және аппараттық кеңестердің хаттамалары, Қазақстан Республикасының ІІМ, полиция департаменті және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді, ана сүтімен дарыған ана тілімізді құрметтеп, оның дәрежесін биікке көтеру, рухани азығымыз – ана тілімізге ықтиятпен көңіл бөліп, оның өрісін кеңейтуге барлығымыз атсалысайық. Мемлекеттік тіл саяси тұрақтылық пен Қазақстанның өсіп – өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемелді келешегіміздің ұйытқысы екенін ұмытпайық. Өскелең ұрпаққа тәлім – тәрбие беруде, ана тіліміздің қадір – қасиеті мен құндылығын терең түсіндіру арқылы, ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, әр ата – ананың ел алдындағы азаматтық борышы! Олай болса, өзіміз болып атсалыспасақ, басқаның жаны ашымайды.
Демек, болашағымыз жарқын, мемлекетіміздің тұғыры биік болуы, сіз бен бізге байланысты.
Ж.Джумашева,
Саран қаласының полиция бөлімі