Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде техникалык және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында спорт саласы бойынша аймақтық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Колледж қабырғасында осымен екінші мәрте өткізіліп жатқан облыстық деңгейдегі байқауға биыл 6 дене шынықтыру пәнінің оқытушысы қатысқан.

- Бүгін біздің колледжде кезекті шара - дене шынықтыру оқытушыларының кәсіби шеберліктерін көрсететін сайыс өтейін деп жатыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, - деді құттықтау сөзінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова.

Дүбірлі додаға барлық қатысушылар төрт турға сақадай сай дайындалып, бір жағынан өздерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдап көрген. Ең алғашқы «Тестілеу» турында компьютер арқылы Қазақстанның спорт тарихы, дене тәрбиесі пәнінің мазмұны мен оқыту әдістемесі қамтылған 50 сұраққа жауап берді. «Заманауи дене шыныктыру сабағы» атты екінші турда педагогтер өздеріне бейтаныс топқа сабақ өткізіп, оқу тәжірибелерімен бөліскен.  Келесі «Өз ісінің шебері» атты бөлігінде қатысушылар баскетбол, волейбол, футбол, гимнастика (акробатикалық жаттығу) бойынша орындау техникасын ауызша түсіндіре отырып, практикалық дағдыларды көрсеткен. Сондай-ақ, биыл бірінші рет қосылған Президенттік тест нормативтері бойынша «Спорт түрлерінен жарыс» атты төртінші турға қатысып, жүгіруден, бір орнынан ұзындыққа секіруден, ерлер кермеде тартылудан, әйелдер шалқалап жатып денені көтеруден, баскетбол добын сақинаға дөп түсіруден сайысқан. Байқауға дене шынықтыру оқытушысы лауазымында кемінде үш жыл педагогикалық өтілімі бар әр колледжден бір педагог қана қатыса алған. Қатысушылар арасында жалғыз нәзік жанды ару да ерлермен тең дәрежеде жарысты.

- Менің еңбек өтілімім жиырма алты жылды құрайды. Бірінші рет қатысып көрдім. Былтыр қазылар алқасының мүшесінде болғанмын. Маған байқауға қатысу ұнады. Ер адамдармен бірге жарысу қиын болған жоқ. Себебі спортқа бала кезімнен жақынмын, - деп өз ойымен бөлісе кетті  Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы Галина Асланиди.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің мұрындық болуымен өткен шарада педагогтердің сабақ беру әдіс-тәсілдерін, аудиториямен жұмыс істеуін әділ қазы алқасы қатаң бақылаған.

- Енді әртүрлі этаптар болғаннан кейін, біреу спорт жағынан мықты, біреулері методика жағынан мықты, бірақ орта есеппен есептеген кезде мықтыларды анықтадық. Жалпы ұйымдастыру барлығы жоғары  деңгейде өтті. Қатысушылар да өз деңгейінде дайындалып келген. Бірақ әлі де жоғары деңгейде, жоғары нәтиже көрсетуге болады деген ойдамын. Осы жарыс  жыл сайын жалғасын таба берсін. Дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби шеберліктері арта берсін, - деді Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің спорт факультетінің аға оқытушысы, Алматы облысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты, әділ қазы мүшесі Бағдәулет Тілеубек.

Еске сала кетсек, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қабырғасында жыл сайын үздік дене тәрбиесі пәнінің оқытушысын анықтау мақсатында байқау ұйымдастырылып тұрған. Колледж директорының орынбасары, дене тәрбиесі оқытушылардың облыстық әдістемелік бірлестігінің төрағасы Жанбол Жаяубаевтың айтуынша, колледж қабырғасында жылына 9 облыстық іс-шара өткізіледі. Оның үшеуі дене тәрбиесі бағытына арналған.

Екі күнге созылған тартысты бәйгеде 3-орынды Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің оқытушысы  Мұрат Дәулетбай алды. 2-орынды Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы  Галина Асланиди иеленді.  Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждің оқытушысы  Мирас Макан  бас жүлдені ұтып алды. Жеңімпаз  Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының І дәрежелі дипломымен және Саран қаласының 70 жылдық мерейтойына орай колледжден естелік сыйлық ретінде арнайы тапсырыспен жасалған медальмен, мүсінмен марапатталды.

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Оған өзім бірінші рет қатысып отырмын. Енді республикалық кезеңге жақсы дайындаламын деген ойдамын, - деп өз әсерімен бөлісе кетті жеңімпаз.

Сондай-ақ, облыстық байқаудың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталды.  Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова және колледж әкімшілігі атынан төрелік еткен әділ қазы мүшелеріне алғыс хаттар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА