Қарағанды қаласының №3 балалар өнер мектебі және Саран қаласының балалар өнер мектебімен бірлесе құралған «Тұмар» қобызшылар ансамблі Ташкент қаласынан бос қайтпай, жеңіспен оралды.
Ташкент қаласында мамыр айында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тashkent music fest» халықаралық фестиваль-байқауына жан-жақтан 400 қатысушы өз өнерін паш еткен. Олардың қатарында қазақ елінің дәстүрін дәріптеп жүрген Қарағанды қаласының №3 балалар өнер мектебі және Саран қаласының балалар өнер мектебімен бірлескен «Тұмар» қобызшылар ансамблі де болды.
- Халықаралық конкурс болғаннан кейін Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларынан, Алматы облысынан, қаласынан орындаушылар қатысты. Оның мақсаты - жас таланттардың ынта-жігерін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен қатысушылардың рухани, зияткерлік және мәдени әлеуетін ашу, сондай-ақ, әр түрлі қалалар мен елдердің қатысушылары арасындағы шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайту, - деп атап өтті қобызшылар ансамблінің жетекшісі Сания Тулепова.
Фестиваль-байқаудың қатысушылары алты номинация аясында өздеріне жақын бағытты таңдаған. «Тұмар» қобызшылар ансамблі «Аспаптық орындау» номинациясында бақ сынап, бесаспап өнерпаздардың арасынан 1-орынға ие болды. Әрі оның нәтижесі бойынша Грузияда өтетін байқауға жолдама берілген.
- Конкурс өте жоғары дәрежеде өтті. Біздің репертуарымызда қазақтың халық әндерінен жасалған попурри бар. Сол шығарманы конкурста ойнап бердік. Балалар өз өнерлерін жақсы көрсетті. Бұл жеңіске балалардың қажырлы еңбегінің арқасында ие болдық. Қобызшылар ансамблінің құрамында Саран қаласы өнер мектебінің оқушылары, биылғы жылдың түлектері Темірбай Сабина және Жақсылық Ақниет жақсы жетістіктерге жетті. Алда енді Грузияда өтетін байқауға бару да жоспарлануда, - деді ансамбль жетекшісі.
Сания Сапарбекқызы - Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде 30 жылдай жұмыс жасап келеді, жоғары санаттағы мұғалім. Қалалық балалар өнер мектебінде қобыз сыныбынан сабақ береді. Бүгінде «Тұмар» қобызшылар ансамбілінің құрылғанына 10 жылға жуық уақыт өткен. Көптеген жобалардың, байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері. Алға қойған мақсат-армандары да айқын. Өнерді дәріптеп жүрген жас қобызшыларға жеңіс пен сәттілік тілейміз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА