Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Саран қаласында 11-сыныптың 159 түлегі мектеппен қоштасты. Сондай-ақ,  2 түлек «Алтын белгіге» және 14 оқушы  «Үздік аттестатқа» үміткер.

Саран қаласының білім бөліміне қарасты барлық мектептерде 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» атты жалпы республикалық бірыңғай сынып сағаты өтті. Сол күні 9 және 11-сынып түлектеріне  «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында эссе жазу ұсынылған. Ал 25 мамырда білім беру ұйымдарында «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Әр білім ордасы  үшін бұл сәт ерекше ыстық. Биылғы соңғы қоңырау №6 жалпы білім беретін мектеп үшін де жемісті де, толағай табысқа, есте қалар есті сәттерге толы болды.

25 мамыр күні №6 жалпы білім беретін мектептің ауласы түрлі түсті шарлармен түрлене түсті. Білім ошағы мен жас түлектерге арналған әндер қойылып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан жайдарлы көңіл-күй сыйланды. Ер балалар ақ жейдесін киіп, қыздар шаштарына ақ бантик тағып, ұстаздар мен ата-аналардың құшақтары гүлге толды. Салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, №6 жалпы білім беретін мектептің директоры Татьяна Мазина оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналар мен келген қонақтарды айрықша күнмен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.

Құрметті 11 және 9-сынып оқушылары сіздер өз өмірлеріңіздің маңызды кезеңінен өттіңіздер. Алда болатын қорытынды емтиханнан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Сәттілік тек сіздердің жеке бастамаларыңызға және алға деген құлшыныстарыңызға байланысты. Болашақтарың жарқын болсын, - деді мектеп директоры.

Келесі болып сөз алған қалалық мәслихат депутаты Т. Рублев оқушыларға жолдары ақ, мұраттары асыл, бағындырар белестері көп болуын  тіледі. Сол күні түлектердің алғашқы мұғалімдері Светлана Ганзвинд, Насима Хамзина мен Лидия Зыкова шараға қатысып,  мектепке тарыдай кіріп, таудай болып шығып бара жатқан оқушыларға жүректен шыққан жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін арнады. Оқушылар да білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарына алғысын білдіріп, өлең жолдарын арнады. Әсем әнмен көмкерілген шарада мектеп директоры Татьяна Мазина жыл қорытындысымен бөлісіп, оқушыларды грамоталарымен салтанатты түрде марапаттады. 

Жалпы №6 жалпы білім беретін мектепте пәндік саланың негізгі бөлімдерін, сондай-ақ робототехниканы, заманауи ақпараттық технологияларды зерделеу бойынша тереңдетілген бағдарлама қарастырылған. Қосымша 31 үйірме мен 4 спорт секциясы бар. 2022 жылдың ақпан айында мектепте мұражай ашылған. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері «Сами с усам» атты  мультстудиясы жұмыс істейді. Жыл сайын білім алушылар республикалық, облыстық, қалалық конкурстарға, конференцияларға,  олимпиадаларға қатысып тұрады. Сондай-ақ, мектепте 3 маусымнан бастап «Мереке» атты мектеп лагері өз жұмысын бастайтын болады.

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА