Отбасы адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Баланың бойындағы бар жақсы да, жаман қасиеттері отбасынан басталады. Сондықтан отбасы бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы. Өйткені баланың өзіне деген сенімділігі, өмірде болатын қиындықтардан сүрінбей өтуіне кепіл болатын-ол отбасы. Әр үйде баланың санасына ұлттық құндылықтарды,салт-дәстүрлерді,даналық сөздерді, тиым сөздерді сіңірген абзал. Тұлға бойындағы ұлттық құндылықтардың көрсеткіші ол ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не десек. Қарапайым тілмен айтқанда жоққа қол үшін бере алатын қайырымдылық, ағайын-туысқа, ата-анаға, бауырға деген мейірімділік, біреудің ақысын жемейтін адалдық, рухани байлық. Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп,жақсылыққа ұмтылып тұратындай етіп тәрбиелеген.
Міне осы құндылықтарды бойына сіңірген бала тұлға болып қалыптасады соған орай әрекет етеді.Сондықтан отбасы тәрбиесіндегі баланы толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Отбасында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер сақталып отырса баланың сана-сезімі ерте оянады. Егер бала отбасының баға жетпес құндылық екенін түсінетін болса, оның ата-анаға деген парызын түсінуге бейімдейді, сөйтіп біртіндеп отбасы алдындағы борышы Отан алдындағы азаматтық парызына ұласады. Өкініке орай, соңғы жылдары отбасы тәрбиесінде олқылықтар мен кемшіліктер жиі кездесіп жатады.Соның бірі ата-ана өз балаларының алдындағы парызын асыра сезінуінің кесірінен баланың жеке қасиеттерін бұзып алады. Баланың барлық қажеттілігін қанағаттандыра отырып, оны кез келген қиындықтардан өте алатын күш жігерден ада етеді. Соның салдарынан балада жауапкершілік жаңашыл бастамашылық жетіспей жатады. Бұндай дайынға үйренген бала бұйрық беруді жақсы көріп,қарым-қатынаста дөрекілік көрсетеді.
Баланың жеке тұлға болып қалыптасуының негізі «Отбасы. Бала. Мектеп.» ұғымдарымен тығыз байланысты. Осы үш ұғым қатар жүрсе білім де тәрбие де нәтижелі болары сөзсіз. Елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын жас буынды тәрбилеу ұстаздар қауымының мойнында екені белгілі. Мұғалім балаларға терең білім беріп қана қоймай, саналарына адамгершілік дәнін сеуіп, өмір жолдарына дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздардың рөлі зор. Сондықтан құрметті ата-аналар балаларыңыз мектепке тарыдай болып келіп таудай болып шықсын десеңіздер ұстаздарды қолдаңыздар мұғалімдермен тығыз байланыста болыңыздар. Баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін ортасы. «Жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа.Жаманмен дос болсаң қаларсың ұятқа» - деген даналықты баланың санасына сіңіре біліңіздер.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам тұлға болып тумайды оны ұдайы дамытып, жетілдіріп, ұмтылдыра отырып қалыптастыру баршамыздың міндетіміз. Келе жатқан балалар мерекесі құтты болсын. Ұрпағымыздың өмірлері мәнді де сәнді болсын!
Әр отбасына береке, бірлік, қуаныш тілеймін.
Г. Жүсіпбекова,
Саран қаласы Аналар кеңесінің төрағасы,
ақпараттық топтың мүшесі