Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.
Қасым Аманжолов
Ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеп жүрген, ұлттық аспаптың үнін ұғынған өнегелі ұрпақ асыл мұра қасиетті домбыраның үнін күмбірлетті.
28 мамыр күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында бірінші рет «Мың бала» жобасы аясында «Сиқырлы домбыра пернелері» атты домбырашылар фестивалі өтті.
Жастарды ұлттық құндылықтарға тарту, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған фестивальге Абай ауданының, Дубовка ауылының балалар өнер мектебі мен кент мектептері және мәдени-сауық орталығының домбыра үйірмесінің қатысушылары қатысқан.
Өнердің жанашырлары басқосқан шараның ашылу салтанатында Ақтас кентінің құрметті азаматы, «Ақ әже, аталар» вокал тобының мүшесі Рымтай Сейтқазина құттықтау сөз сөйлеп, алғаш рет өткізілген фестивальдің қатысушыларына сәттілік тіледі.
Фестивальде күй өнерінің хас шеберлері, әйгілі күйшілер: Сағырбайұлы Құрманғазы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дәулеткерей Шығайұлы мен Дина Нұрпейісованың ізін жалғап келе жатқан балалар бар өнерін салып, халық күйлерінен де, әндерінен де сыр шертті. Екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспаптың қоңыр үнімен көпті тамсандыра білді. Сөзсіз, бұл фестивальдің күй өнерін жандандыруда алар орны ерекше. Қатысушылар бір жағынан шеберліктерін шыңдаса, бір жағынан тәжірибелерімен алмасты.
Барлық қатысушыларға грамоталар мен естелік сыйлықтар берілді. Жетекшілер мен ұстаздарға Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының басшысы Майра Кульджабаеваның атынан алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, енді фестивальді жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырмақ.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА