Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.

ҚР Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

ҚР Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

ҚР Мемлекеттік гимні. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді.

Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуден басталады. Сол себепті оны кеңінен қолдану, қадірлеу, оның мән-мазмұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жағынан алғанда да өте өзекті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалануда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 Қаулысын, «Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 Қаулысын басшылыққа ала отырып тиісті жұмыстар атқарылады.

Егеменді елдігіміздің белгілері – мемлекеттік рәміздерді қадірлеп-қастерлеу, оларды көздің қарашығындай сақтап, құрметтеуіміз өркениеттілігімізді көрсетеді.

Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық аңсарды тәрбиелеу – әрқайсымыздың басты мақсатымыз, парызымыз болуы керек. Көк туымыз бейбітшілік аспанында мәңгі желбіресін! Еліміз аман, мемлекетіміз қуатты болсын!

 

Ф.Несипбаева,

Саран қалалық қазынашылық басқармасы басшысының

орынбасары