Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

31 мамыр –  ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күнге орай Саран қаласының мәдениет үйінде аға буын өкілдері мен жастардың қатысуымен кездесу өтті.

Шараға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының, қалалық аналар және ақсақалдар кеңесінің мүшелері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, жастар қатысып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кездесуде Саран қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Аброев  пен  №17 мектеп-гимназиясының директоры Н.Максименко сөз алып, тарих бетінде мәңгі қалған қаралы жылдар жайлы айтып өтті. «Детство» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Ольга Голева 1945 жылы ата-анасының басынан өткен қиын, ауыр  жылдарды еске түсіріп, көзіне жас алды. Сондай-ақ, қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдері мәңгі ұмытпай, әрқашан есте сақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы екендігін атап өтті.

Саран қаласының орталық кітапханасы «Зұлмат жылдар зобалаңы», «Алаш мұрасы: өткені мен болашағы», «Карлаг: люди и судьбы» атты үш кітап көрмесін қатысушылардың назарына ұсынды. Онда сол бір зұлмат жылдардан сыр шертетін кітаптар мен деректермен танысуға болады. Одан бөлек қаз-қатар тізіліп тұрған жаңа топтаманың басылымдарына шолу жасалынды. Солардың бірі –  бірден алыстан көзге түскен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдарынан  жинақталған 30 томдық жиынтығы. Көрмеге 50-ден аса кітап әкелінген.

- Бұл күн Қазақстан үшін маңызды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының алғашқылары болып Алаш қайраткерлері ілінді. Оларға жала жабылып, ату жазасына кесілді. 1937-1939 жылдары аралығында қазақ халқының көптеген зиялы қауымы осы қуғын-сүргінге ұшырап және олардың туған-туысқандары жапа шекті,- деді қалалық орталық кітапхананың балалар бөлімінің кітапханашысы  Алида Мусина.

Шараға қатысқан Саран қаласының белгілі ақыны Т. Стрельчук пен қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Т. Кучеренко авторлық өлеңдерін оқып, ел тыныштығын тілек етті.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА