Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

30 мамыр күні қалалық мәдениет үйінде «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы өтті. Оған Саран қаласының прокуроры, адвокаттар, заңгерлер, жеке нотариус пен сот орындаушысы, мемлекеттік органдар мен сала өкілдері қатысты.  Сарапшылар мен еріктілерді қосқанда бас-аяғы 22 қатысушы акцияға қолдауын білдіріп, келушілердің сауалдарына жауап беруге даяр болған.

Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған акция аясында қала тұрғындары тарапынан жұмыс берушінің әрекетіне шағымдану, мүлік үлесін сатып алу, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату, зейнетақы жинақтарын пайдалану жолдары, тарифтер мен коммуналдық қызметтерді төлеу, кәсіп ашу, алимент және несие бойынша сұрақтар келіп түскен. Барлық мәселелерге тиісті сала өкілдері жауап беріп, тиісінше ұсыныстар мен түсіндірулерді берген.  Келушілер мұндай іс-шаралардың тиімділігін атап өтті.

- Мен «Халық заңгері» республикалық акциясында болдым. Адвокат, заңгер Хабарова Евгения Сергеевнаға жүгінген болатынмын. Маған бәрін өте сауатты және түсінікті етіп айтып берді. Өз сұрағымның жауабын алдым. Өте ризамын, көп рақмет,- деп ризашылығын білдіре кетті Саран қаласының тұрғыны Евгений Черепенькин.

Саран қаласының прокуроры Ж.Накишев те акцияға қатысып, азаматтар алысқа бармай-ақ осы шара аясында мәселенің шешу жолдарын қарастыра алатынын, тегін заңгерлік кеңес берілетіндігін айтты.

Акцияда азаматтарды қабылдау уақытпен шектелмеді. Кез келген адам өзінің көкейінде жүрген, шешімін таба алмаған сұрағын қойып, кеңес алды. Қабылдау соңғы келушіге дейін жүргізілді.

 

 

 

 

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА