Саран қаласының 70 жылдығы мен 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2010-2011 және 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасынан қазақ күресінен жарыс өтті.
29 мамыр күні Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебіне жан-жақтан жас балуандар жиналып, өз бақтарын сынап көрген. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен Қарағанды облысының Таулы Қарабақ ардагері Ерболат Дурмаганбетов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сол күні Ұлытау облысынан, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай, Шахан, Балқаш, Жәйрем қалаларынан, Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет аудандарынан, Қарағанды спорт интернатынан, Сәкен Сейфуллин ауылынан келген қатысушылар кілемге шығып, жан беріспей күресті.
Өзім Шахан кентінде жаттықтырушымын. Осы Саран қаласының 70 жылдығына арналған қазақ күресінен жарысқа келіп отырмыз. Жарысқа 8 баланы әкелдім, - деп атап өтті Шахтинск қаласының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі секциясының жаттықтырушысы Болатбек Бидолда.
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шарада балаларымен бірге ата-аналары да келіп, қолдауларын білдірді.
- Қарағанды қаласының өзінен боламыз. Балам «Жас сұңқарға» қатысады. Күресіп жүргеніне екі жылдай болды. Балама, барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деп баласына жанкүйер болып келген Қарағанды қаласының тұрғыны Аян Исабеков пікірін білдіріп кетті.
Жалындап тұрған балуандардың жеңіске деген ұмтылысы ерекше. Жығылып құлап жатса да, жеңісті уыстарынан шығарып алмауға тырысты. Алайда әрбір спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні заңдылық.
Тартысқа толы жарыстың нәтижесі бойынша 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында 35 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Жайнарбек Сырым, 2-орынды Егейбергенов Алижан, 3-орынды Жалғау Нұрасыл мен Рымбек Ерсұлтан алды. 38 келі салмақ дәрежесінде 1-орынмен Сайын Бексұлтан, 2-орынмен Ниғали Мағжан, 3-орынмен Айбат Аңсар және Мерекев Айсұлтан марапатталды. 42 келі салмақ дәрежесінде 1-орын Бекітжонұлы Диярға, 2-орын Идирис Бекжанға, 3-орын С.Колкеновқа және Абылжан Амирге берілді. 50 келі салмақ дәрежесінде 1-орын Оспанов Аздилге, 2-орын Сайранбеков Абылайға бұйырды. 55 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Медеубай Шыңғыс, 2-орынды Иванов Станислав, 3-орынды Ақанбай Нұрғиса мен Ерғазыұлы Мағжан иеленді. 60 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Алпысбаев Дінмұхамед, 2-орынға Мұхамедияр Арқайыр ие болды. Ал 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 1-орынды Овченко Сергей, 2-орынды Ерікұлы Ерасыл, 3-орынды Нәсупбай Абілмансұр еншіледі. 2010-2012 жылдары туған спортшылар арасында 46 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Серікбай Нұрсұлтан, 2-орынға Тәкен Мадияр, 3-орынға Бұқаров Бердак пен Жақын Әділет жайғасты.
2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында 23 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Шөпек Ибрахим, 2-орынға Нұрпейсов Амир, 3-орынға Серғазы Бекзат пен Толеуғазы Рамазан ие болды. 26 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Каппас Әмір, 2-орынға Өтеш Арслан, 3-орынға Қайрат Алихан мен Толеуғазы Рамазан шықты. 29 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Айдосұлы Арсен, 2-орынды Тойшыбай Бакдаулет, 3-орынды Каппас Айбар мен Боранбай Теміржан алды. 32 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Жүсіп Жантөре, 2-орынды Қожышұлы Мұхамедәли, 3-орынды Мырзагулов Жамбыл мен Серікбай Дінислам иеленді. 35 келі салмақ дәрежесінде 1-орынмен Асқар Ахмадияр, 2-орынмен Ришат Әбунасыр, 3-орынмен Жақсыбай Санжар мен Сейдохмет Бякосыр марапатталды. 38 келі салмақ дәрежесінде 1-орын Аманбай Ильясқа, 2-орын Тоғай Жангалиге, 3-орын Бердімұратұлы Жігер мен Бауыржан Жаналиге берілді. 42 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Қайрат Ақберген, 2-орынға Әшім Амандық, 3-орынға Төлеутай Нұрхан мен Назыров Салман жайғасты. Ал 46 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 1-орын Манат Жаналиге, 2-орын Дос Әділге, 3-орын Бағзыбек Абылайға бұйырды.
Жүлделі орын алған жас балуандар грамоталармен және медальдармен мапаратталды. Сондай-ақ, қарсыластарынан оза шапқан жеңімпаздарға кубок табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА