3 маусым күні Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде кезекті рет өткізіліп жатқан жазғы лингвистикалық және спорттық лагерьлердің ашылу салтанаты өтті.
Әлеуметтік жоба негізінде ұйымдастырылып жатқан бұл лагерьдің негізгі мақсаты – Саран қаласының мектеп жасындағы баларының жазғы демалысын ұйымдастырып, олардың қазақ, ағылшын тілдерін дамытуға және спорттық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беру. Осымен 11 жыл ұйымдастырылып жатқан лагерьге осы жылы да қаламыздың әр түрлі жастағы балалары келді. Ашылу салтанатында сөз алған колледж директоры Темирбулатова Алма Асхатовна балаларға сәттілік тілеп, лагерьдің балалар үшін жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізуде, қазақ, ағылшын тілдерінен білімдерін жетілдіруде және спорттық қабілеттерін шыңдауда маңызы зор екендігін атап өтті.
Ашылу салтанатында балаларға арналған әндер шырқалып, ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Салтанат соңында лагерьге келген балалар өздерінің қызығушылықтары бойынша бағыттарға бөлінді. Биыл лагерь үш бағытты қамтиды. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін «Қазына» лагері, барлық жастағы балаларға ағылшын тілін үйрететін «Lingualand» лагері, және спорттық «Шуақ» легері. Лагерьге колледждің тәжірибелі, білікті мамандары Седова А.В., Маженова С.С, Толегенова И.Қ., Баймолдин А.Ө. Ибраева Г.К., Чернышева А.А. жетекшілік етеді. Сондай-ақ лагерьлерде колледждің 3-курс студенттері тәлімгерлер ретінде жұмыс жасайды. Лагерь жұмысы мектеп балалары үшін тегін, әрі бір маусым, яғни он төрт күн болады. Айта кететін жайт, лагерь он жылдан астам уақыт ішінде өзінің дәстүрлі ұйымдастыру жолын нығайтып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, бір жылы келген балалар келесі жылдары да қатысуға ниет білдіріп жатады. Себебі лагерьдің ұйымдастыру формалары, сабақтарда таңдалатын әдіс-тәсілдер жиі ауыстырылып, әртектілендіріліп отырады. Оқушылардың қызығушылақтарына, жас ерекшеліктеріне, қабілет-қарымдарына сай іріктеліп, ұйымдастырылады.
Оқушылар ойын формалары, жарыстар, экскурсиялар арқылы қазақ, ағылшын тілдерін үйретеді. Балалар тілді жетілдіру сабақтарында қуана жұмыс істейді, балалардың қазақ және ағылшын тілдеріндегі сөздік қоры артып келеді. Тыңдау процесінде оқушылар дыбыстардың айтылуы мен түсінігін жақсартады. Колледж педагогтерінің жетекшілігімен «Жұмыс дәптерлері» әзірленді, онда оқушылар осы немесе басқа тапсырманы қуана орындайды. Бірақ мектеп оқушысының демалысы бар, сондықтан біз әрекетті өзгерту кезінде ойын формасына артықшылық береміз. Жазғы лингвистикалық лагерь сабақтарында оқушылар өздерінің білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын жетілдіреді, қарым-қатынасты ұйымдастыруда, қосымша ақпарат алуда қазақ және ағалшын тілінің практикалық маңыздылығына көз жеткізеді, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Лагерьдің ерекшелігі-шет тілін оқыту үшін ойын технологиясын кеңінен қолдану. Әрбір әрекет – бұл балалардың күш-жігерінің нәтижесін мүмкіндігінше ертерек сезінуі үшін қарым-қатынас жасау.
Сабақтарда коммуникативті ортаны құру үшін әр баланың жоғары белсенділігін қолдау маңызды рөл атқарады. Спорттық лагерьде дене шынықтыру жаттығулары, спорттық ойындар және жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, лагерь–колледждің студенттері үшін өндірістік тәжірибе алатын орындары. Лагерьдің жұмысы барысында 3-курс студенттері тәлімгер ретінде топтарға бекітіліп, жазғы сауықтыру лагеріндегі практикадан өтеді. Студенттер теорияда алған білімдерін тәжірибеде бекітіп, білімдерін толықтырады. Педагогикалық мамандықтың бұл бағытын меңгеру – болашақ мұғалімдер үшін маңызы зор.
Е. Махаметчин,
Абай Құнанбаев атындағы СЖГТК директорының
оқу-өндірістік жұмысы
жөніндегі орынбасары