ҚР Президентінің халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші тергеу басқармасының басшысы Жандар Ибрагимов және ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Қуат Избанов Саран қаласының тұрғындарымен кездесіп, «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында дәріс өткізді.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтар өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін әртүрлі әлеуметтік желілерді кең пайдаланып отыр. Олардың арбауына кез келген адам түсіп қалуы ықтимал. Күннен-күнге интернет дамыған сайын алаяқтардың жаңа әдіс-тәсілдері де өзгере бастайды. Сол себепті онымен күресу қоғам үшін маңызды міндет. Осы тұрғыда Қарағанды облысы бойынша алаяқтықтың алдын алу мақсатында кешенді шаралар атқарылып келеді.
5 маусым күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қабырғасында Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші тергеу басқармасының басшысы Жандар Ибрагимов және ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Қуат Избанов қала тұрғындарымен кездесті.
- Кездесуіміздің негізгі мақсаты - сіздерді экономикалық тергеу қызметінің негізгі функцияларымен таныстыру. Мәселелерді тыңдап, сұхбаттасу және жалпы осы департаменттің құзыреті шеңберінде көмектесу болып табылады, - деді Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші тергеу басқармасының басшысы Жандар Ибрагимов.
Жоғарыда аталған департаменттің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Қуат Избанов тұрғындарға қаржы пирамидасының негізгі белгілері мен түрлерін, интернет желісіндегі қаскүнемдердің алаяқтық іс-қимылынан қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Банк саласындағы алаяқтыққа да баса назар аударды. Қазіргі қоғамның дертіне айналған лудоманияның зияндылығы мен салдары жайлы айтып, құмар ойындардың соңына түскен адамдар дүние-мүлкінен айырылып, өз алдына, ажырасып жататындығын тілге тиек етті.
Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері тұрғындармен жиі кездесулерді өткізіп, сақтық шараларын сақтауға, ақпараттың растығына көз жеткізуге, оны тексеріп отыру керектігін айтып отырады. Яғни, бөгде адамға жеке деректерді бермеу, интернет арқылы тапсырыс жасағанда сайт жұмысының заңдылығын тексеру қажеттілігін түсіндіріп, ұялы телефон немесе электронды поштаға келген белгісіз спам-хабарлама, сілтемелерден сақ болуға шақырады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА