Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Мұқағали Мақатаев
Қазақ халқы «әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген аталы сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Иә, әр отбасы үшін әкенің орны бөлек. Ұлды ұлы мақсаттарға жетелейтін де, қызды «қырық үйден тыятын» да – ата-анасы. Әкенің «Сенің қолынан келеді» деген бір-ақ сөзі кейде алып мұраттарды еңсере алатындай күш-қуат дарытады. Үйдің түтінін түтетін аяулы ананың «Әкеңнен сұраң, әкең біледі» деген сөздерінің астарында да түсінген адамға үлкен мән жатыр. Оның барлығы тәлім-тәрбиенің бастауынан. Жүз мектеп бере алмаған тәрбиені бойға сіңіртіп, таудан биік талапты болуды үйрететін асқар таудың жөні қашан да дара.
Елімізде әр маусымның үшінші жексенбісінде отбасының тірегі, қамқоршыларына арналады. Әкелер күні мерекелік күнтізбеге кіргізілгеніне көп болмады. Алайда бұл күннің маңыздылығы ерекше. Осы айшықты күнге орай Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде дене тәрбиесі оқытушысынан дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген көпбалалы әке Қуаныш Саттарұлы Рымбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.
Қуаныш Саттарұлы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіздің балалық шағыңыздан бастасақ.
- Мен 1987 жылы Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында дүниеге келдім. Орта білімді кіндік қаным тамған туған жерімнен алдым. 2010 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетін «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша тәмамдадым. Отбасымда үйдің үлкенімін. Менен кейін үш қарындасым бар. Өзім әкенің тәрбиесін көріп өстім. Мені спортқа жетелеген де – әкем. Әкем ауылда механизатор болатын. Техниканың тілін түсініп, бар білгенін маған қоса үйрететін. Қолы босай қалса, бізге көңілін бөлетін. Балалық шағымда қазақ күресімен де айналысқанмын. Анам ақ халатты абзал жан. Асқар тауымыз өмірден ерте озды. Әйтпесе, ойлаймын әлі де берер тәлімі көп еді деп... Кейін Саран қаласына келіп Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге жұмысқа орналастым.
Жас маманды Саран қаласы қалай қарсы алды?
- Жақсы қарсы алды. Саран қаласында жұмысқа орналастым. Білікті оқытушылармен, жарқын жандармен таныстым, сүйікті ісімді таптым, ең бастысы – өмірлік жарымды жолықтырдым. 2012 жылы үйленіп, шүкір, міне бүгінде көпбалалы отбасылардың біріміз.
Керемет! Тіл мен көзден аман болыңыздар. Негізі, бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
- Алланың берген төрт балам бар. Үлкені – Санжар. Бесінші сыныпты бітірді. Екіншісі қыз бала – Ақбаян, үшінші сыныпты бітірді. Одан кейін дүниеге Омар ұлым келді. Балабақшаға барады. Үйдің кенжесі - Елдар. Балаларымның тәрбиесіне аса көңіл бөлемін. Арғы ата-тегін, жеті атасын, қандай рудан тарағанын айтып, түсіндіріп отырамын. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Ең бірінші тәрбиенің бастауы һәм негізі осы. Мектептегі оқу үлгерімін, білімін де анасы екеуміз қадағалап отырамыз. Қалаған үйірмелеріне де апарып, жан-жақты болып өсуіне барынша атсалысып жүрміз. Мәселен, қызым балалар өнер мектебіне, ұлым Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебіне барып жүр.
Отбасыңызбен қандай мерекелерді атап өткенді ұнатасыздар?
- Отбасымызбен барлық мемлекеттік, ұлттық мерекелерді тойлаймыз. Балаларымның спорттағы, білімдегі жетістіктері де атап өтіледі. Бұл өзіміздің шағын дәстүріміз десем де болады. Жанұямызбен, туған-туысқандарымызбен тойлаймыз. Шыны керек, барлық мейрамдарды бөліп-жармаймыз. Бастысы – ізгі ниет, көңілде бәрі.
Сіздің ойыңызша, жақсы әке қандай болуы керек?
- Менің ойымша, әке кей жерде қатал да болуы керек, кей жерде жұмсақ та бола білу керек. Бала тәрбиесіне мән бере отырып, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы болғандықтан жұмыс істеуге де, табыс тауып, балаларының жағдайын жасауға да үлгеруі тиіс. Қазіргі әкелердің мойнына екі есе жауапкершілік артылған.
Өзіңізді қаталмын деп ойлайсыз ба?
- Иә, мен өзімді қаталмын деп ойлаймын. Алайда әке деген ер баланы қатты еркелетпесе де, қыз баласына мейірімді келеді. Анасы екеуміз балаларымызға тек бар жақсыны тілейміз. Білгенімізді үйретіп, әрдайым қолдауымызды білдіреміз.
Сұхбат барысында, кезінде қазақ күресімен айналысқаныңызды айттыңыз. Бүгінде жұмыстан тыс айналысатын сүйікті ісіңіз бар ма?
- Қазір Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебіне барып, жүзумен шұғылданып жүрмін. Одан бөлек волейбол мен үстел теннисін ойнаймын. Биыл қыркүйек айында жарақаттанып қалғандықтан бұрынғыдай таңғы 5-те тұрып жүгіре алмай жүрмін. Әйтесе соңғы бес жыл үзбей 5 шақырым жолды жүгіретінмін. Әзірге оны бір жылға тоқтаттық.
Бос уақытыңызды отбасыңызбен қалай өткізесіз?
- Біздің қолымыз жиі босай бермейді. Алайда бос уақытымды, демалыс күндерімді тек қана отбасыммен өткізуге тырысамын. Балалық шақтарын барынша қызықты етіп өткізуге бар күшімізді саламыз. Қазір екі кенже ұлым кішкентай болғандықтан, бұрынғыдай көп жерге шықпаймыз. Әйтпесе, өзен, көлдерге барып, таза ауада демалғанды отбасымызбен ұнатамыз.
Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Келе жатқан Әкелер күні құтты болсын! Айрандай ұйып отырған шаңырағыңызға бақ-береке тілейміз.
Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА