Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы мемлекеттік тілдің ахуалын үнемі сүзгіден өткізіп, зерделеп отырады. Осы бағытта жұмыс қарқыны да артуда.
Бүгінде қалалық тілдерді дамыту орталығында «Көрнекі ақпарат пен жарнама сауаттылығы» әлеуметтік жобасы аясында көрнекі ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіліп тұрады. Көрнекі ақпарат құралдарына не жатады? Оған көшеде ілініп тұрған баннерлер, маңдайшалар, түрлі хабарландырулар мен көзге түсетін жарнамалар, баға көрсеткіштері және тағы басқа да елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар кіреді. Ондағы мағлұматтың дұрыс аударылуы мен сауатты жазылуы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының әрдайым бақылауында.
- Қазақстан Республикасының аумағында жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде таратылатындықтан, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жүргізу мақсатында «Көрнекі ақпарат пен жарнама сауаттылығы» әлеуметтік жобасы қолға алынды. Тіл жаңашырларынан құралған «Тіл қорғаны» тобы мен еріктілердің көмегімен Саран қаласы мен Ақтас кентіндегі шағын және орта бизнес объектілеріне рейдтік жұмыстар жоспарға сәйкес өтіп тұрады. Мәселен, былтыр жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 670 шаруашылық субъектінің көрнекі ақпараттары заң талабына сәйкестендіріліп, «Жедел желі» бойынша 332 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді. Биыл жыл басталғалы 150 шаруашылық субъектісі қамтылып, «Жедел желі» бойынша 85 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді, -деп атап өтті қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханова.
Рейд барысында жұмыс тобы шағын және орта бизнес өкілдеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптарын түсіндіре отырып, қажеттілігі туындап жатса, дәл сол жерде қолма-қол аударма бойынша әдістемелік көмек көрсетілген. Әрі орталықта «Жедел желі» арқылы жарнамалық мәтіндердің дұрыс аударылуын тексеруге һәм аударма бойынша тегін көмек алуға болады.
Одан бөлек қалалық тілдерді дамыту орталығы «Тілі бірдің – тілегі бір» жобасы аясында өз жұмысын жалғастыруда. Алдағы апталарда жобаны қолға алу ойда бар. Өткен жылы оған «Мәміле» сөйлесу клубының мүшелері шақырылса, биыл шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарланып отыр.
- Біздің орталықта тұрғындар 3 айлық ұзақ мерзімді курс пен бір айға созылатын қысқа мерзімді курстан өте алады. Ұзақ мерзімді курста біз толық грамматикадан бастап оқытсақ, қысқа мерзімді қазақ тілін оқыту курстарында тікелей жұмыс саласына аса мән беріп, мемлекеттік тілде ойын емін-еркін жеткізуіне көмектесеміз. Жалпы атқарылып жатқан істе, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Жүргізілген бақылау да нәтижесіз емес, - деп толықтыра кетті қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры.
Қалалық тілдерді дамыту орталығы заманның талабына ілесіп, тілді тез әрі оңай меңгеруге болатын жолдармен, басқаша айтқанда «лайфхактармен» бөлісіп тұрады. «Instagram» әлеуметтік желісінде «Знать казахский – модно» айдары да жарияланады. Сонымен қатар, орталықтың тыңдаушылары мен клуб мүшелері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Саран қаласы әкімінің «Қыран» жастар сыйлығына белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Осы жылы да «Мемлекеттік тіл – болашағым» атты номинациясынан бақтарын сынап көрмек.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА