Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Балалар алаңсыз асыр салып ойнап, жазғы демалысында бір жасап қалатыны сөзсіз.  Бұл уақытта жазғы лагерьлердің де жұмысы қыза түседі. Патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттап жүрген қаламыздағы сауықтыру лагерьлердің бірі – «Бәйтерек» лагері.

Биыл №1 мектеп-лицейдің базасында «Бәйтерек» мектеп жанындағы сауықтыру лагері әдеттегідей өз жұмысын 1 маусым күні бастап кеткен. Лагерьдің негізгі мақсаты -  балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты бағытта дамыту. Осы тұрғыда мектеп лагерінде алдын ала жоспар құрылған. Бекітілген жұмысқа сәйкес, балалармен түрлі ойындар, байқаулар өткізілген.

Биыл лагерьге бас-аяғы 30 бала қатысты. Әр күн сайын міндетті түрде денені қыздыратын, ұйқыдан оятатын ширату жаттығулары жасалды. Оқушылар түскі астан кейін ашық аспан астында ойындар ойнап асыр салды. Әрі спорттық-бұқаралық іс-шаралар, тілдік алаң, робототехника бағыттары бойынша үйірме жұмыстары жүргізілді. Сақтық шараларына да аса мән берілді. Күн сайын тәрбиешілер судағы қауіпсіздік шаралары және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ақпарат сағатын өткізіп тұрды. Лагерь бұрышында қауіпсіздік ережелері туралы парақшалар, сондай-ақ, барлық құтқару қызметтерінің телефондары ілінді. 

Оқушылардың күндерін барынша мағыналы әрі пайдалы өткізу үшін «Бәйтерек» мектеп жанындағы лагерь қалалық жас техниктер станциясымен, балалар өнер мектебімен, мәдениет үйімен, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебімен, кітапханамен және өрт сөндіру бөлімімен бірлесе жұмыс жасады. Балалар 5 рет бассейнге, жас техниктер станциясына барған. Әр бейсенбі сайын мәдениет үйінде түрлі мультфильмдер тамашалаған. Балалардың демалысы бағдарламаға сай өткізілуін лагерь тәлімгерлері Елена Салиева мен  Алёна Быстрова қадағалап отырды.

-              Лагерь бойы балалар барлық квесттерге, конкурстарға, эстафеталарға қуана қатысты. Түрлі көріністер, отрядпен бірге қабырға газеттері мен балалар кітаптарын дайындады, өз таланттарын көрсетті, көптеген балалар жаңа достар тауып, нағыз командаға айналды. Біздің лагерьдегі жұмыс барлық мамандармен үйлесімді өтті. Тәлімгерлерге А. Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің және академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері де көмектесті. Атап айтқанда: А.С.Балапанова, С.В.Кудрик, А.Ю. Вишнякова, В.Д.Архипова, Е.В.Каммер, А.Е.Штриккер, А.А.Михалёв, Д.М. Лукащук.  Тілдік алаңға Е. С. Хозеева, спорттық-бұқаралық іс-шараларға А. В. Захаренко, робототехникаға  А. С. Мұстафин жауапты болды, - деді лагерь тәлімгері Елена Салиева.

Он төрт күнге созылған жазғы лагерьде ұйымдастырушылар балалардың жазғы демалысын көңілді әрі есте қаларлықтай етіп жасауға тырысқан.  Суреттер байқауы, викториналар мен көңілді старттар өткізілген. Маусымның жабылу күнінде «Три кота» аниматорларымен қызықты ойын-сауық бағдарламасы дайындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, атадан-балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды қастерлеу керектігі де айтылды.  Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, оң мен солды айыруға көмектесетін танымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың барлығы балалардың игілігі үшін жасалды.

Жазғы лагерьде өткен әр күн балаларға ерекше әсер сыйлады. Езу тартарлық сәттер мен бойға қуаныш пен шаттық ұялататын естеліктерге  толы жазғы лагерь дайындаған шаралардың бірінен қалмай қатысып, белсенділіктерін көрсетіп отырған.  Ата-аналары да балаларының бал күндері көңілді әрі пайдалы өткеніне дән риза.

Жазғы демалыс  – балалардың толлыққанды демалып, жаңа оқу жылына жаңа серпін беретін уақыт. Ал осындай лагерьлер балалардың денсаулығын жақсартуға, қоршаған орта табиғатымен танысуға, жаңа достар тауып, білімін толықтырып, басқа ортаның балаларымен еркін араласуға, ой-өрісін дамытуға зор ықпал ететіні анық.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА